Балаларға базарлық

Балаларды қорғаудың халықаралық күні – бұл, алдымен, балалардың өмір сүру, пікір бостандығы, білім алу, демалу мен бос уақытын өткізуге құқықтары бар екендігі туралы үлкендерге ескерту. Балаларды қорғау күні – күллі əлем балаларының жағдайына қоғамның назарын аударту мақсатында əр түрлі іс-шараларды өткізумен аталып өтеді. Осындай іс-шаралар кеншілер қаласында да ұйымдастырылды.

Бұл күні Кеншілер алаңында «Балалық шақ əлемінде» атты театрландырылған əсем қойылымдар, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, дойбы мен шахмат, тоғыз құмалақ ойындары жəне асфальт бетіне сурет салудан байқаулар өтті. Қаламыздың ең кішкентай əншілерінің орындауында «Əнші балапан» фестивалі өткізіліп, оған балабақшалардың өнерлі бүлдіршіндері қатысты. Фестивальді ұйымдастырған қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі байқау соңында барлық қатысушыларға дипломдар табыс етті.

Комаров көшесінің бойында өткізілген жеңіл атлетикадан «Қызықты старттар» жарысына барлық мектептердің 5-6 сынып оқушылары қатысып, қорытындысында І орынды №25 орта мектеп, ІІ орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия жəне ІІІ орынды №14 орта мектеп иеленді. Жеңімпаздарға қалалық білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімі атынан грамоталар мен сыйлықтар тапсырылды.

Одан əрі арқан тартыс, кір көтеру, асық ойнау секілді жарыстар өткізіліп, онда «Сұңқар», «Тұлпар», «Қайрат» аула клубтарының балалары бақ сынасты. Нəтижесінде, асық ойнаудан І орынды Д.Сейтмағамбетов жеңіп алды. Ал, ІІ орынды Н.Айсұланов, ІІІ орынды К.Жұмабаев иеленді. Барлық жарыстардан кейін мəдени-сауықтыру спорт орталығының қызметкерлері жүлделі орын алған оқушыларға ойыншықтар мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етті.

Мереке күні қалалық əкімдік алдында караоке байқауы мен балалар суреттерінің көрмесі де өткізілді. Көрмеге қатысқан суреттердің барлығы үлкен шеберлікпен салынып, «Халықтар достығы», «Бақытты əлемде – бақытты балалар» тақырыбына арналды. Балалардың шығармашылық жұмыстарын мерекеге келген балалар мен ата-аналар тамашалады.

Сол күні ұйымдастырылған ойындарға балалар қызығушылықпен белсене қатысты. Мейірімділік пен махаббатқа толы балалық шақ мерекесі кешке қарай концерттік бағдарламаға ұласты.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.