Жасампаз елдің жастары жігерлі

Еліміздегі жастар саны жалпы халықтың отыз пайызына жуығын құрайды. Елдің ертеңі осы жастарға байланысты. Сондықтан, бүгіннен зерделі білім алып, еселі еңбек етпесек мемлекетіміздің ертеңіне зор сеніммен қарай алмасымыз анық. Ол үшін өз-өзіңді дамытуды қолға алу қажет.

Бүгінде жастар тарапына айтылар сын, тағылар айып жетіп артылады. «Қазіргі жастар жалқау, енжар» дейтін секілді қоғамда әңгіме көп. Алайда, мен секілді студент жастардың біраз бөлігі өз-өзін дамытуға көп көңіл бөлетінін білемін. Қол қусырып, уақытын бос өткізіп жүргендер некен-саяқ.

Заманның талабы іскерлікті, жеделдікті қажет етеді. Заманмен бірге жастар да өсіп, дамып келе жатыр. Күнделікті өмір, университеттегі сабақ, жұмыспен қатар өзін-өзі дамытатын курстар, үйірмелердің артуы сұранысқа ие екендігін көрсететіні айтпаса да түсінікті.
Таңертең ерте тұрасың, көтеріңкі көңіл күймен сабағыңа барасың. Мамандығыңа деген махаббат арқылы қызуғышылықтарың артып, жақсы тұлға болып қалыптасу үшін жаңа дүниені үйренесің, білесің, өсесің.

Бұл орайда адам баласының режимі дұрыс болу маңызды. Ми тынығу керек. Уақыттың қадірін біліп, кез-келген жұмысқа жақсы энергиямен кірісу үшін жаның рахаттанатын музыкадан, айналадағы адамдардың бақытты жүздерінен, мейірімдерінен мотивация алып демалу да қажет. Сонда ғана шаршағанымыз сейіліп, кез-келген іске оңай кірісіп кете аламыз.

Қазіргі жастардың бір қуантарлығы – ол өздері жақсы көретін іспен айналысып, сол арқылы жетістікке жетеді. Мен жаным қалайтын іспен айналысу арқылы, өзімді жайлы сезінетін орта таптым. Ол ортада шынайымын, бақыттымын. Шығармашыл адам өзінің қабілетін арттыру жолында ұдайы өсуге ұмтылады. Мәселен, мен оқу ордамда сабақтан тыс уақытымда театр үйірмесіне барамын.

Шығармашылық ортада шыңдаламын. «Театр шынайылықты жақсы көреді» дейді ғой. Шынайымыз. Күлеміз, жылаймыз, ешкім көріп тұрмағандай билейміз, ешкім естіп тұрмағандай ән айтамыз, бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Сахнаның құдіреттілігін сезініп түрлі образдарға кіреміз, көрерменнің ыстық ықыласын сезінеміз.

Одан бөлек спортпен айналысып, пайдалы кітаптар оқып, мотивациялық фильмдер көріп, тіл үйреніп, болашаққа үлкен мақсаттар қойып, шексіз армандаймыз. Осылайша бір күндік өміріміз бос өтпей, жанымыз қалайтын іспен айналысамыз.

Аңсаған ЕРМЕК,
Еуразия Ұлттық Университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті.

Комментарии закрыты.