Мейірбике – мейірім иесі

Арамызда жұртшылықтың ризалығына бөленіп, мамандығына адалдық танытып келе жатқан ақ халатты абзал жандар аз емес. Қалалық орталық аурухананың жансақтау бөлімінің бас медбибісі Ұлбосын Тұрарбекова жас та болса жиған білімін тәжірибеде пайдаланып, қалтқысыз қызмет етіп жүрген санаулы маманның бірі.

Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауап-кершілікпен қарайтын денсаулық сақшысының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін атқаруына тікелей байланысты. Ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген медицина қызметкерлерінің бірі ретінде Ұлболсын Төребекқызын атауға болады. Бүгінде аурухананың жансақтау бөлімінде анестезия медибісі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Жезқазған медициналық колледжін тәмамдағаннан кейін аталған мекемеге орналасып, отадан кейінгі науқастарды күтіп, анестезиолог дәрігерлердің қасында шыңдалады. Кейіннен кезекші мейірбикелікке ауысады. Өзінің біліктілігі арқасында 2018 жылдан бері бөлімнің бас медбибісі қызметін атқаруда.

– Жалпы дәрігер болу, адамдардың ауырған жерлерін емдеу, оларға екінші өмір сыйлау менің кішкентай кезімдегі арманым болатын. Кейін мектеп қабырғасында оқып жүргенде өз қалауыммен 9 сыныпты тәмамдаған соң Жезқазған медициналық колледжінінің медбике мамандығына түсіп, үлкен әрі жауапты өмірге қадам бастым. Колледжді ойдағыдай аяқтап, бірден Сәтбаев қаласындағы орталық аурухананың жансақтау бөліміне жұмысқа орналастым. Бұл ауруханада жұмыс атқарып келе жатқаныма биыл 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында маған көп көмегін тигізген, әрдайым қолдау көрсетіп, үйреткен аға медбике Ақгүл Баянқызына, жұмыстың қыр-сырын үйретіп, басынан аяғына дейін түсіндіре білген Арысова Гүлнар Дулатқызына және біздей жас мамандарға үнемі өзінің көрген-білгенін айтып жүретін аурухана басшысы Аханов Жомарт Мұзарафұлына алғысым шексіз, – дейді жас маман.

Бөлім құжаттарын реттеп, басшылармен жұмыс жасайтын аға мейірбикенің жауапкершілік жүгі зор. Өйткені, өзі басшылық етіп отырған медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалап, қол астындағы қызметкерлерді науқасты күтіп-баптауға үйрету тікелей соның жауапкершілігінде. Жұмыс сапасын арттыру, шаруашылық бөлімін қадағалау, дәрігер нұсқаулығын сапалы орындау мен тағайындалған дәрілерді медбикелерге уақытылы бөліп отыру да аға мейірбике құзіретіндегі іс.

– Аурухана ісінің оңайы жоғы белгілі. Жансақтау бөлімі өте шұғыл жұмыс жасайтын, адам өміріне араша түсетін жер болғандықтан, көтерер жүгі ауыр. Осы бес жыл ішінде жұмыс барысында көп оқиғаны бастан өткердік. Мұндай жауапкершілігі жоғары қызметті арқалап жүрген бөлім медбикелері мен тазалықшыларының еңбегі зор. Ептілік, мейірімділік, жанашырлық – мейірбикелік жұмысқа да аса қажетті қасиеттер. Бұл қасиеттер ұжымдағы барлық маманның бойынан табылады.

Күнделікті отаға кірген сайын біз де бір Алладан науқасты аман алып қалуды, отаның сәтті өтуін тілейміз. Әр науқастың жақындарының тілеулесі боламыз. Ота сәтті аяқталғанда өмірін құтқаруға жаныңды салған науқастың құлан таза айығып кеткенін көргенде керемет әсер алып, одан әрі жұмыс істеуге құлшынысым артады. Адам баласына екінші өмір сыйлағандай болып, үлкен жетістікке жеткендей боламын. Маған бұдан артық ештеңе керек емес. Кейін ол кісілердің батасын алып, алғысын естігенде төбем көкке жетіп, бойымды мақтаныш сезімі кернейді, – дейді аға медбике.

Түйіндей айтқанда, медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын жас буын ретінде Ұлбосын Тұрарбекова сынды медбикелер науқастарға көмек қолын созуды басты міндет деп білетін, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры.

Аңсаған ЕРМЕК.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.