ҚЫПШАҚ ХАНДЫҒЫ

Кеңестік кезеңде қыпшақ-армян сөздігі, «Кодекус-Куманикус» кітабының көшірмесі сияқты едәуір еңбек ғылыми айналымға енгені мәлім. Бұдан бес жылдай бұрын Арменияда табылған көнеқыпшақ тіліндегі жазу әлеуметтік желіде әркімнің әрқалай пікір айтуына тамызық болды. Кейбіреу көнеқыпшақ мәтініне күмән келтірсе, енді бірі «ол заманда қазақ болмаған» деп көрсоқырлықтың «көкесін» көрсетті.

Мынау 1938 жылы жарық көрген Қыпшық хандығының (Алтын Орда) картасы (суретте). Кеңес Одағының 40 томдық Үлкен Энциклопедиясына енген. Картаға қарасаң, Мәскеу, Тверь, Ярослав, Кострома, Владимир, Калуга және қазіргі Орталық Ресейдің барлық облысы Қыпшақ хандығының (Алтын Орда) құрамына кіргенін көресің. Бұл «Қазақтың ешқашан мемлекеті, не шекарасы болмаған» деген пайымдауда ешқандай пәтуа жоқ екенін аңғартады.

Кейінгі кезде көрші ел Алтын Орда тарихына қатысты қалыптасқан ғылыми көзқарасын қайта қарауға кірісті. Енді «екі жарым ғасырлық татар-моңғол езгісінен азаттық күресі арқасында құтылдық» деген тұжырым артқа ығысып, «етек-жеңді жинап, ел қатарына қосылуға Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі тікелей ықпал етті» деген сыңайдағы пікір алға шықты.
Бір мысал. Хакас мемлекеттік университетінің доценті Г.Тюньдешев «Великий хан Батый – основатель Российской государственности» атты кітабында былай деп жазады: «Россия возникла на совершенно новой московской почве, которая была органической частью золотоордынской государственности».
Осыған ұқсас алуан пікірдің астарына үңілсең, ашық айтылмаса да, «Алтын Орданың мұрагері – Ресей» деген ой андағайлап тұрады. Ендеше, сиырдың бүйрегіндей көршінің көкейін осындай ой тессе, ен жайлаған жері, байырғы қазақ жұртының атамекені Алтын Орданың ежелгі аумағының жартысына жуығы болған қазіргі Қазақстан мұрагерлікке толық құқылы. Оған дәлел тарихтан да, тілден де, ауыз әдебиеті мен аңыздан да табылады.
Сонау Сақ, Ғұн дәуірінен келе жатқан көптеген көне тайпа қазіргі Қазақ ұлтын қалыптастырды. Сондықтан, барша түркі халқы сияқты Қазақ та сақ-ғұнды ата-баба санайды. Ал, Шыңғысхан басқыншылығы басталғанға дейін Ертістен Дунайға дейінгі алып аймақта үш жүз жыл (900-1220ж.ж.) билік құрған Дешті Қыпшақ империясы – Қазақ мемлекетінің бір бастауы. Өйткені, оның аумағына қазіргі Қазақстан көлемі түгел кірген.
Әуелі Алтай мен Саян тауының баурайын мекендеген Қыпшаққа қатысты алғашқы ақпарат Қытай жазба дерегінде кездеседі. Ал, тарихта халықтың ұлы қоныс аудару көшінің басында Қыпшақ болғанын тілге тиек еткен танымал тарихшы Мурад Аджи былай дейді: «Қыпшақ – ежелгі түркінің бір руының атауы. Ол Алтайдан бірінші көшкендіктен, қалған қоныс аударушы соның атымен аталуы мүмкін… V ғасыр аяғында қыпшақтар Еуропаның жартысы мен Орталық Азияға жаппай қоныстанды».
Қыпшақтар қазіргі Қазақстан аумағына Алтайдағы телэ тайпасының құрамында VII ғасырда қоныс аударған. «Қыпшақ» сөзі тұңғыш рет Селенгі өзенінің бойында тасқа қашалған (747-757ж.ж.). Солтүстік Каспий, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңын жайлаған (ІХ-Х ғ.ғ.) Оғыз да тарихта өзіндік орны бар ел еді. Бірақ, Қыпшақ тайпаларының билік басына келуі ХІ ғасырда оларды ығыстырды, басқа талай тайпа Қыпшақ одағына сіңіп кетті. «Мафазат әл-гузз» атауы орнына «Дешті Қыпшақ» пайда болды. Алғаш бұл сөзді парсылық Насыр ибн Хусрау «Диуан» деген еңбегінде қолданды.
VII-X ғасырларда қыпшақ этникалық қауымдастығы ұзаққа созылған қалыптасу үдерісін бастан өткізді. Оны үш кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы (VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңы). Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Профессор, түркітанушы Ә.Құрышжановтың сөзімен айтқанда, басында Қимақ қағанаты құрамында болып, кейін жеке тайпаға бөлінген қыпшақтар ХІ ғасырда «тарих сахнасының авансценасына» шықты.
Ал, ортағасырлық қыпшақтар тарихын тереңдете зерттеген ғалым-археолог С.Ақынжанов былай дейді: «Әр түрлі тарихи деректерге қарағанда, Қазақстан даласының солтүстік аймақтарында ХІ-ХІІ ғасырларда түркі тайпаларының басында хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты». Ұлан-байтақ аумақты игерген Қыпшақтар Батыс Еуропа дерегінде «құмандар», орыс жылнамасында «половцы» деп көрсетілді.
Қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі: XI ғасырдың екінші жартысынан 1219 жылға дейін. Көптеген ру мен тайпадан тұратын Қыпшақ халқы қандық-туысқандық байланыс емес, аумақтық-шаруашылық қатынас негізінде қалыптасты. Осы кезеңде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ежелгі башқұрт, оғыз,т.б. тайпа кірді. Қыпшақтың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлы, Шығыс Түркістаннан келген баят, түргеш, қарлұқ, шігіл елеулі әсерін тигізді.
Бұл кезде қыпшақ хандары өз иелігін оңтүстікте Таразға дейін жеткізіп, қарахандықтармен қоңсы қонды. Арасындағы шекара Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында найман, қаңлы, керейтпен шектесті, солтүстікте қырғыз және хакаспен көрші болды. XI-XII ғасырларда Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған даланы мекендеген халықтың бәрі «қыпшақтар» деп аталды.
Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе, Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтар билеушісі Алып Арсылан Маңғыстауға шабуыл жасады. Қыпшақтарды жеңгеннен кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шықты. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелді болды.
1096 жылы «Құдіретті» хан бастаған қыпшақ әскері Хорезмге жорық жасады, бірақ ол сәтсіз аяқталды. XI ғасырдың аяғы мен XII ғасырдың басында Жент, Янгикент, Сырдарияның төменгі сағасында бірқатар қала қыпшақ көсемдеріне қарады. Хорезм шахы Атсыз Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, қол астына Маңғыстауды да қаратады.
1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшаққа жойқын жорық жасаған Атсызшах қыпшақтарды ойсырата жеңді. Содан бастап Қыпшақ хандығының ыдырауы басталды. Қыпшақ ақсүйектері арасында Хорезмді жақтаушының көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетаралық қырқыстың күшеюі оған негізгі себеп болды.
Мәселен, Қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы тақ үшін бітіспес таласты Хорезм билеушілері, әсіресе, Текеш пен Мұхаммед тиімді пайдалануға тырысты. Қыпшақтардың орталығы Сығанақты басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) жорыққа аттанды. Алайда, ұран тайпасынан құрылған сарбаздар Қадыр-Бүкемен ымыраласып, сатқындық жасады. Текеш талқандалған әскерінің қалдығымен Хорезмге қайтты.
1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүкеге қарсы қайта жорық жасады. Соғыста Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүкені босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқаста Алып-Дерек әскері жеңілді, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке Хорезмшахқа тәуелді болып қалды.
Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) XIII ғасырдың бас кезінде Сығанақты қосып алды. Бас қаласынан айырылып қалғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресті жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтың бірінде ол Ырғызға дейін жетті. Осы кезде Торғай даласында қыпшақтарға қашып кірген меркітті қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен қақтығысып қалады.
Бұл – моңғолдардың Қазақстан жеріне алғаш аяқ басуы. Сөйтіп, моңғол басқыншылығы басталды. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында қыпшақтар ыдырау алдында тұрды. «Дешті-қыпшақ моңғол үстемдігі кезінде жаңадан «Алтын Орда» атауын иеленді» дейді М.Аджи. Қазақтың біртұтас этнос болып қалыптасуында, өсіп-өркендеуінде, дербес ұлт ретінде тарихтан лайықты орын алуында Алтын Орда мемлекеті орасан зор рөл атқарды.
Бастапқыда «Жошы ұлысы» ретінде дүниеге келген Алтын Орда Бату хан (1227-1255), Берке хан (1257-1266) тұсында дәуірлеп, Мөңке Темір (1266-1280), Өзбек (1312-1342), Жәнібек (1342-1357) тақта отырған тұста Еуразияның ен даласында билік құрған қуатты мемлекетке айналды. Оның нағыз гүлденген кезеңі – Берке хан мен Өзбек хан билік жүргізген уақыт. Берке ханның ислам дінін қабылдауы мемлекет дамуына елеулі әсер етті. Өзбек хан қала, мешіт, медресе салуға баса назар аударды.
Сауда жолында орналасқан Алтын Орда айтарлықтай мәдениетті мемлекетке айналды. Оның аумағын мекендеген халықтың этникалық құрамы туралы түрлі дерек бар. Мәселен, түркітанушы П.Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Алтын Орда түркі мен моңғолдың әртүрлі тайпасынан тұрды» десе, тарихи дерекке сүйенген белгілі ғалым Ә.Құрышжанов «дені қыпшақ руы болған» деген қорытынды жасайды.
Жазушы Ә.Кекілбаев «Қазақтың төрт мың жылдық тарихы бар, дәйекті, деректемелі тарихы екі мың жылдың көлемінде» десе, қазақ сүйегін зерделеп жүрген ғалым-антрополог О.Смағұлов «қазақтың тарихы бір тал шашында» деп, 40 ғасырлық тарихын бұлтартпас дерекпен дәлелдейді. Алаш ардагері Ә.Бөкейханов «қазақ тарихы – қазақ әдебиетінде» деген. Ал, әдебиет тілге келіп тіреледі.
Филология ғылымының докторы, тарих ғылымының кандидаты, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, түрколог, профессор
Қ.Сартқожаұлы былай дейді: «Түркология ғылымында айырықша орны бар құнды мұраның бір шоғыры, ертедегі Сақ, Ғұннан кешегі Қазақ хандығына дейінгі тұтас тарихты айғақтайтын құнды жәдігердің көбі қазіргі Монғолия жерінде сақталған. Тас бітіктегі жазуды маған дейінгі бірнеше ғалым «Көне ұйғыр тілінде жазылған» деп топышалып келген. Мен ұзақ жылғы зерттеуіме сүйеніп, ежелгі ескерткіш тілінің «Қыпшақ тіліне жататынын» дәлелдедім. Бұл туралы «Тас кітаптың құпиясы» атты еңбегімде кеңінен айтылған».
– Ұлт тарихын зерделеуде тілдің қалыптасу үдерісін ескермей алысқа бара алмаймыз. Қазақ тілінің ең көне тілдік дерегі Орхон-Енисей жазба мұрасында сақталған. Тіл экстралингвистикалық жағдайға тәуелді, халық тарихымен тығыз сабақтас. ХІІІ-ХІV ғасырларда Еуразия кеңістігінде, Жібек жолының бойында халықаралық тілге айналған көне қыпшақ тілі болатын. Алтын Орданың ресми тілі де көне қыпшақ тілі еді, – дейді, түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор М.Сабыр.
Алтын Орда жазба ескерткішінде қазақ тіліндегі баламамен дәлме-дәл 420-дан астам сөз бар көрінеді. Мәселен, ата-бабамыз баққан малын – ат, бағлан, йылқы, оғлақ, сығыр, тева, қысрақ, қозы, қой, таққан әшекейін —асырға, йүзук, тұтынған ыдыс-аяғын – айақ, бычақ, қашуқ, үй мүлкін – бешик, кийиз, килим, сипурткә, киім-кешегін – тон, чапан, кафтан, көнләк, бөрк, башпақ, еңбек құралын – балта, бурғу, көрүк, тамағын – аш, ет, бал, йоғұрт, туз, ун, қаймақ сүт деп атаған екен. Бұл – этномәдени сабақтастық. Тұтас бір ұлттың қазақи бет-бейнесі анық көрінеді.
Баба тарихты Сақ, Ғұн, Қаңлы, Түркі хандық-қағандығынан таратсақ, Түркілердің жалғасы – осы Дешті Қыпшақ мемлекеті. Жошы Ұлысы, Алтын Орда тарих сахнасына одан кейін шықты. Ақыры Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққандар Қазақ хандығының негізін қалады.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Сурет интернеттен алынды.

Комментарии закрыты.