Бюджет нақтыланды, өзгерістер енгізілді

Сəтбаев қалалық мəслихатының кезектен тыс V сессиясының күн тəртібіне енгізілген сұрақтар депутаттық корпустың тұрақты комиссияларында пысықталып, сессия қарауына ұсынылды. Сессия жұмысына қала əкімі Батырлан Ахметов, оның орынбасарлары, қала мекемелерінің басшылары қатысты.

Күн тəртібінің негізгі сұрағы «2012-2014 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Сəтбаев қалалық мəслихатының 2011 жылғы 8 желтоқсандағы XLI-сессиясының №489 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» жайында қалалық экономика жəне бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Марат Бапов шығып сөйледі. Республикалық, облыстық бюджеттерді нақтылауға байланысты жəне мақсатты трансферттерден бөлінген қаржылардың қалай жұмсалатыны халық қалаулыларына баяндалды. Атап айтқанда, 1 млн. 800 мың теңге денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша мектептерде балаларға арналған аппараттар алуға жұмсалады. Ал, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан 48 пəтерлі үйдің құрылысын аяқтау үшін 68 млн. теңгені игеру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасына сəйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарға, оның ішінде экономикалық сараптама жүргізу үшін 1 млн. 480 мың теңге қарастырылған. Қалалық бюджетке енгізілген бұл нақтылауларды депутаттар мақұлдады.

Сессияда қалалық мəслихаттың кейбір нормативтік құқықтық актілерінің күшін жою, қалалық комиссиялардың құрамдарына өзгерістер енгізу, қалалық мəслихаттың VI-сессиясының редакциялық комиссиясын сайлау туралы мəселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Кезекті VI-сессияның төрағасы болып депутат Татьяна Хмилярчук сайланды.

М.ƏБІШЕВ.

Комментарии закрыты.