«ҚОҢЫРАУ ШАЛУ ЕКІ ЕСЕ АЗАЙДЫ», – дейді Сәтбаев қалалық жедел жәрдем подстанциясының меңгерушісі Н. Мұқамбединов

Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның ең бірінші жүгінер жері – жедел жәрдем қызметі. Ал, қоңырау шалып, көмек сұраған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті. Міне, сол қызметті абыроймен атқарып, дертке дауа, жанға шипа жасап келе жатқан Сәтбаев қалалық жедел жәрдем дәрігерлерінің жұмысы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ.

Қала тұрғындары жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінетіні белгілі. Сондықтан, жедел жәрдем қызметкерлері тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейді. Әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмай, барлық науқастарға көмек көрсету – олардың басты міндеті. Дегенмен де, жедел жәрдем қызметінің жұмысын мінсіз деп бағалайтындардан олардан кемшілік іздейтіндердің қатары басым. Әсіресе, «жедел жәрдем дер уақытында жетпейді» деп айыптайтындар көп. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

– Жалпы, жедел жәрдем дәрігерлері өздерінің қызмет бабындағы шектеулі ережелерін сақтауға міндетті. Жедел жәрдем көрсететін қызмет шақырту санаттарының себебі мен шұғылдығына байланысты анықталады. Негізінен, жедел жәрдем қызметіне жарақат алғанда, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, уланып қалғанда, науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған ауыр жағдайларда, жүкті әйелдердің толғағы қысқан кезде хабарласуы қажет. Бірақ «қит» етсе жедел жәрдемге хабарласқанды құп көретіндер де табылады, – дейді подстанция меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер Нұрлан Мұқамбединов.

Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, жедел жәрдем қызметін негізсіз шақыртатындар қазынаға шығын келтіреді екен. Тіпті шет елдерде жедел жәрдем шақырғаны үшін оның медициналық сақтандыру қорынан 5 мың долларға дейін қаржы ұсталатын көрінеді.

– Коронавирус сырқаты шыққалы бері ғана жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны екі есеге азайды. Бұған дейін тәулігіне 100-120-ға дейін қоңырау түскен кездер болған. Оның ішінде көбі дене қызуының көтерілгенін, қан қысымының көтерілгенін айтып, жедел келуімізді талап ететін еді.

Жалпы, қазір жедел жәрдем тәртібі де өзгерді. Біз 4 категория бойынша жұмыс істейміз. Алғашқы үш категорияға жататын сырқаттарға 10-30 минут ішінде жетіп, алғашқы көмек көрсетеміз. Ал, соңғы 4-ші категорияға жататын сырқаттарға емхананың жедел жәрдемі не болмаса учаскелік дәрігерлер көмек көрсетеді. Бұл категорияға түрлі созылмалы, тұқым қуалайтын сырқаттарға шалдыққандар, аса жедел қызметті қажет етпейтіндер жатады, – дейді Нұрлан Аптықалықұлы.

Десек те, қалалық жедел жәрдем қала тұрғындарына барынша сапалы қызмет көрсетуде. Оған станцияның материалдық жағдайы да жеткілікті. Қазір мұнда 90 адам қызмет етеді. Арнайы 4 бригада жасақталған. Жедел жәрдем машиналарының бәрі де адам өмірін қорғауға қажетті заманауи құрал-жабдықтар – ЭКГ аппараты, жасанды демалу аппараттары, дефибриллятор, оттегі баллондарымен жабдықталған. Ал, дәрігерлер мен фельдшерлер осы заманауи аппараттарды қолдануды арнайы курстарда оқып, үйренуде.

Әлемді әбігерге салған коронавирус сырқатының кең етек алуы жедел жәрдем қызметіне де аз салмақ салып отырған жоқ. Әр шақыртуға барған сайын дәрігерден бастап жүргізушіге дейін сақтық шараларын жасап, арнайы киімдер киюге міндетті. Ал, «COVID-19» вирусының күдігі анықталған жағдайда оны провизорлық орталыққа, карантиндік не инфекциялық орталыққа жеткізген бригада екі сағатқа дейін залалсыздандыру шараларынан өтеді. Өз өмірлерін қатерге тігіп, елдің саулығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жандардың сыртынан «жедел жәрдем қызметіне көңіліміз толмайды» деп айтудың өзі артық-ау.

– Әрине, көпшіліктің талабы орынды. Біз «жедел жәрдем» деген атымызға сай елге тез әрі сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Осы үрдістен шығуға барымызды салып та келеміз. Осы бағытта мен өзімнің әріптестеріме шексіз алғысымды білдіремін. Қазіргідей қиын да күрделі, тіпті қауіпті кезеңде уақытпен санаспай, қызметтерін мінсіз атқарып келеді. Осы бір қолайлы кезеңді пайдалана отырып мен әріптестерімді алдымызда келе жатқан Медицина саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтағым келеді. Олардың қызығы мен қиындығы алмағайып түсіп жатқан жұмыстарында сәттілік серік болуын тілеймін. Және, біздің ұжымның мақтанышы болып жүрген Галина Кондратович, Галина Жукова, Светлана Воробьева, Манат Қыздарбекова, Ернар Жайлыбаев, Татьяна Архипова, Аягөз Елеусізова, Светлана Лоза, Құралай Омарова, Гүлшат Тлеке сынды өз істерінің мықты мамандарының есімдерін ерекше атап өткім келеді, – дейді подстанцияның меңгерушісі әңгімемізді түйіндей келе.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.