Жазаға ілігіп қалмаңыз

Сәтбаев қаласының әкімі Батырлан Ахметовтың бекіткен кестесіне сәйкес сәуір айынан бастап қаламызда санитарлық тазалық ережесін бұзған және ұсақ құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарды әкімшілік жазаға тарту жұмысы жалғасуда. Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары қалалық әкімдік қызметкерлерімен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, ортақ пайдаланатын жерлерді, соның ішінде белгіленбеген жерлерге қоқыс тастауды анықтау және қаланы ластауды болдырмау жөнінде рейдтер өткізуде.

Бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қаладағы ұсақ-түйек қылмысты қалт жібермей қадағалау керек. Тіпті сағыз жапсырып кететіндерді де ұстап, тіркеп, хаттама толтыру керек. Оларға әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейтінін, үш күнге дейін қамауға алынатынын ескерту қажет. Олар барлық бұзушылықтар үшін жазаланатынын білулері тиіс», – деген еді.

Расымен, қазіргі таңда қала көшелерінде, қоғамдық орындарда сағыздың қалдығы, шемішкенің қабығы, ішілген сусынның босаған ыдысы бейберекет шашылып жататыны, одан қалды, көрінген жерге қақырынып жүре беретін бейбастақтық етек алуда. Сондықтан, қаланы ластаушыларға қатаң тосқауыл қойған жағдайда ғана ортақ үйіміздің тазалығына қол жеткізе аламыз.

Мамыр айында өткізілген рейдтік іс-шаралар өз нәтижесін беруде. Мысалы, 29 мамырда полиция капитаны Ердос Ермековтың қатысуымен өткен рейдте Комаров көшесі 22 үйдің алдында сыра ішіп отырған екі ер азамат ұсталды. Олардың бұл әрекетін заңсыз деп шешкен полиция қызметкері азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Учаскелік инспектор Сырым Нұрмағамбетовпен бірге өткізілген рейдте бір топ жастар ішімдік ішу үстінде ұсталды. «Гауһар» дәмханасының бұрышында сыра ішкен азаматтардың бірі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім болып шықты. Патрульдік бекет қызметінің жасақтары келісімен олар полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Маусымның 4 күні өткен рейдке учаскелік инспектор Олжас Аманғазы қатысты. Бұл күні кездескен адамдардың бірқатары көшеде темекі тартып жүрді. Тәртіп сақшысы әрбір азаматқа темекіні тек арнайы белгіленген жерде тартуға болатынын және оның қалдығын міндетті түрде қоқыс жәшігіне тастау керектігін түсіндіріп, ескерту жасады.

Жалпы, сәуір айынан бері рейдтік іс-шаралар өткізу барысында 40 құқық бұзушылар ұсталып, олардың төртеуі ҚР ӘҚБтК-тің 330 бабына сәйкес 3236 теңге көлемінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, қалған 36 адамға қатысты сот отырысы өтіп, олар 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Алкогольдік ішімдіктер ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 36 азаматтың әрқайсысына ҚР ӘҚБтК-тің 336 бабына сәйкес 3236 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Мұндай жаза – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтырулар негізінде шығарылып отыр.

Бұдан былай қаланы ластап, тұрғындардың тыныштығын кетіріп, көшеде алкогольдік ішімдіктер ішіп, шемішке, сағыз, темекі және тағы басқа қоқыс қалдықтарын тастай салғандардың барлығы әкімшілік жазаға тартылатын болады. Ұсақ бұзақылық болып есептелетін бұл құқық бұзушылық үшін заңда 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау шарасы көзделген.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.