Қаламызда да қызықты демалуға болады

Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен бірнеше жыл қатарынан бесінші демалыс тоқсаны жүзеге асырылып келеді. Қала мектептерінде оқитын әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбастарының, сондай-ақ, денсаулығына байланысты дәрігердің тізімінде тұрған оқушылар сауықтыру алаңдарында демалып, жазғы қызықтарды достарымен бірге өткізуде.

Жақында қаланың барлық білім ордаларында сауықтыру алаңдары балалар игілігі үшін ашылып, жұмыс жасауда.

Білімнің іргелі ордасы – №1 мектеп-гимназиясында 115 баланы қамтыған «Достық» жазғы сауықтыру алаңында 5 топқа бөлінген оқушылар демалыстарын тиімді өткізіп жүр. – Мектеп жазғы мезгілде де оқушыларға есігін айқара ашып келеді. Мұндай жақсылықты ата-ана да, бала да құр жібергілері келмейді. Балалар әр күндерін қызықты өткізу үшін әртүрлі іс-шараларға қатысады, – дейді алаң басшысы Әсел Әбдіғожина.

Мектептегі алаңның ашылу салтанатына қатысқан қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева мен мектеп басшысы Сәния Сағынтаева оқушылардың жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізіп, келер оқу жылына тың серпіліспен келулерін тіледі. Келген қонақтарға демалушы балғындар өнерлерін көрсетті.

***

Бүгінгі күні 100 баланы қамтып отырған №3 орта мектептің «Достық» сауықтыру алаңының ашылуына қатысқан білім бөлімінің әдіскері Мираш Естиярова мен мектеп басшысы Мереке Байбекова оқушыларға сәттілік тілеп, салтанатты түрде лента кесу рәсімін жасады.

Бұл білім ордасының да өнерлі балапандары әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, күмбірлете күй төкті.

Алаң басшысы Арайлым Қазиеваның айтуынша, сауықтыру алаңына келуші балаларға барлық жағдай жасалған. «Балапан», «Балауса», «Балдырған», «Ақ көгершін» топтарындағы балаларға арнайы 4 бөлме жабдықталған. Мұнда балалар әр күнге бекітілген іс-шаралар мен ойындарға қатысып, білімдерін, күштерін сынайды. Төрт мезгіл тамақ беріледі. Балалар дәрі-дәрмектер мен дәрумендермен толық қамтылған.

***

Бірінші және алтыншы сынып аралығындағы оқушылардың демалыс алаңына айналған тағы бір білім ордасы – №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп.

Лагерь басшысы Гүлзат Рахметованың айтуынша, мұндағы «Балдаурен» жазғы сауықтыру лагерінде 80 бала бар.

– «Сұңқар», «Жігер», «Ұлан», «Болашақ» топтарындағы оқушыларға К.Қорғанбекова, М.Қабденова, Ә.Есімсейітова, Г.Нарбаева сынды білікті ұстаздар бағбан болып отыр, – дейді Г.Рахметова.

Көп отбасыларының жазғы мезгілде балаларын өзге қалалардағы жазғы лагерлерге жіберуге жағдайының көтермейтіні белгілі. Осыны ескерген қала басшылығына да, білім бөліміне де ата-аналар дән риза.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.