Антына берік, сертіне адал

Елбасының 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауы ішкі істер органдары қызметінің сапасын одан әрі жақсартып, азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерді көтеруді көздейді. Әрбір полицейдің Президенттің елдің арасындағы өкілі екенін тағы бір мәрте еске салған Елбасы оларға үлкен жауапкершілік жүктеді.

Осы міндеттің үдесінен шығуға тырысып жүрген Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінде антына берік, сертіне адал жігіттер жетерлік. Олар Елбасы Жолдауында айтылған өзгерістерге дайын. Солардың қатарында полиция лейтенанты Асылхан Әбдіқалық та бар.

Еңбек жолын жол-патрульдік полиция ротасының полиция сержанты ретінде бастаған ол спорттағы табыстары арқылы өзге әріптестеріне үлгі бола білді. Асылхан Досанбекұлы спортпен бала кезінен айналысады. Өз ісінің шебері Амантай Байтуриннің мектебінде шыңдалып, грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Полиция бөлімінде қызмет ете жүріп республикалық, облыстық додаларда топ жарды. 2018 жылы Жезқазған қаласында өткен генерал-майор Құрмановты еске алуға арналған байрақты бәсекеде бірінші орынды жеңіп алды. Оның ізін бүгінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған туған бауыры Асылбек жалғастыруда.

– Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін айтты. Әлбетте қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып есептеледі. Осы қауіпсіздікті тәуліктің кез келген мезгілінде қамтамасыз ету үшін біз қылмыспен күресте басымызды қатерге тігіп, азаматтарды қорғаймыз. Президенттің қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы кәсіби біліктілікті, арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын қажет етеді. Сондықтан, спортқа бейім болып, қызметтік жаттығудың түрлі тәсілі мен амалын меңгергеніміз абзал, – дейді ол.

Елі мен жеріне адал қызмет ету жолында Елбасы саясатын қолдап, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан Асылхан Әбдіқалық жақында Қарағанды облысы Полиция департаментінің арнайы және жұмылдырылған даярлық тобының инспекторы болып тағайындалды.

– Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы бойынша полиция қызметкерлерін арнайы жауынгерлік даярлықтан өткізіп, атыс қаруын дұрыс қолдануды үйретеміз. Жауапкершілігі мол қызмет. Сондықтан сенім жүгін қайыспай көтеруге әзірмін. Елбасының: «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек», – дегені кез келген мемлекеттің басты ұстанымы болуға тиіс. Соңғы кездері бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Көптеген қылмыс түрінің төмендеуі осының көрсеткіші. Тұрғындар қиын жағдай туындаса, бізден көмек сұрайды. Жасалып жатқан жұмыстар, көрсеткіштер мен нәтижелер бұл саланың үздіксіз қарекет үстінде екенін нақтылайды, – деген А.Әбдіқалық отбасында асыл жар, ардақты әке. Жан жарымен бірге екі бала тәрбиелеп, үшіншісіні асыға күтіп жүрген жәйі бар.

– Біз немқұрайлыққа, білімсіздікке бой алдырмауымыз керек. Адамгершілік тұрғыдан қателіктерге жол беруге қақымыз жоқ. Себебі біз құқықтық қызмет көрсетуші тұлғамыз. Сонда ғана қоғамдағы салмағымыз артып, беделіміз бен абыройымыз асқақтай түспек. Адамгершілік бейнеміз орныққан, рухымыз мықты болмаса қоғамға қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қауқар көрсете алмасымыз анық. Сондықтанда біз жастардың полиция мамандығына жүрек қалауымен келуіне, кәсіби деңгейдегі дайындығына үлкен мән береміз. Және де жаңа буынды алдыңғы толқынның үздік тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрлеріне бойұсынуға тәрбиелейміз, – дей келе, өзінің осы салаға келуінің кездейсоқ еместігін айтып қалды.

Оның балалық арманы орындалды. Алдағы уақытта да құқық қорғау саласын дамытып, тиімділігін арттыру бағытына өз үлесін қоса бермек.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.