Жоба жемісін беруде

Ел экономикасының дамуына, өндірісінің өркендеуіне тікелей әсер ететін энергия көздерін үнемдеу мәселесі соңғы жылдары күллі әлемнің назарында. Маңызды сұрақты оңтайлы шешуге кеншілер шаhары да барынша әрекет етуде. 2013 жылдан бастап кенді қала Ғаламдық Экологиялық Қордың ұйымдастырумен өтетін энергия көздерін үнемдеу бойынша іс-шара, конференция, семинарларды айтпағанда нақты жүзеге асып жатқан жобалардың тұрақты қатысушысы. Солардың бірі 2019 жылдан бері Сәтбаев қаласында жүзеге асып жатқан электр қуатын тиімді пайдалануға бағытталған пилоттық жоба. Нәтижесінде бірнеше қала мектептерінде дәстүрлі жарықтандыру тиімді әрі үнемді светодиодтық шамдарға алмастырылып, электр энергиясымен қатар мектеп бюджеті де әжептәуір үнемделуде.

Жалпы пилоттық жобаға 5 мектеп қатысуда. Олар – №9, 27, 5 мектептер мен Абай атындағы №4 және Ы.Алтынсарин атындағы №19 мектеп-лицейі.

Жаңа жобаға қатысу қаншалықты тиімді және нәтижелі болды? Көзделген мақсат орындалып, жарық шын мәнінде үнемді жұмсалып отыр ма? Осы сауылдарды біз №27 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Гүлзия Жүнісоваға қойған едік.

– Энергияны тиімді тұтыну мақсатында пилоттық жобаға мектебіміздің қосылғанына қуаныштымыз. Бұл инновациялық-заманауи пилоттық жоба мектебімізде оң нәтижесін беруде. Пилоттық жобаның ойдағыдай жүзеге асуының арқасында асхана, спорт және акт залдары, мектеп ауласы мен 34 оқу кабинеттерінде 531 электр үнемдейтін прожекторлар мен 175 лампалар қойылды. Оқу кабинеттерінде жарықтандыру айтарлықтай жақсара әрі сапалана түсті. Бұл өз кезегінде оқушылардың денсаулығына да, оқу процесіне де оң әсер етті. Мектебімізде электр қуатын үнемдеу көрсеткіші де артып отыр. Нақты айтсақ, жылдық үнемдеу көрсеткіші шамамен 20%-ды құрап отыр.

Мектебімізде не өзгерді?

Ең бірінші, оқушылар электр энергиясын үнемдеудің маңыз-дылығын жете түсіне білді. Электр жарығын тиімді пайдалану бойынша сауатты көзқарас қалыптасты.

Оқу жылы басталарда тәрбие бағытында электр энергиясын үнемдеу пилоттық жобасына арналған «Электр энергиясын үнемдеуді оқытуды іске асыру» атты арнайы жоспар құрылды. Осы мақсатта сынып жетекші мен оқушының бірлесуі нәтижесінде «Отбасы бюджеті мен электр энергиясын қалай үнемдеуге болады?» тақырыбында лекторий, «Энергияның альтернативтік түрлері» атты жоба қорғау, «Эко-топ» акциясы өткізілді. Бұл акция аясында жоғары сынып оқушыларынан бірнеше топтар құрылып, олар төменгі сынып оқушылары арасында электр энергиясын үнемдеу туралы ақпараттық-насихаттық сынып сағаттарын жүргізіп отырды. Түрлі сыныптан тыс викториналар, жарыстар ұйымдастырылды.

Оқу жылының басында директордың шаруашылық және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының ұйымдастыруымен қызметкерлер мен оқушылар арасында энергия үнемдеу мәселелері жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұл пилоттық жобаға арналған түрлі шараларға қатысу барысында оқушылардың энергия көздерін тиімді пайдалану мәселесіне қызығушылығы зор екенін байқай алдық.

Жоспарға сәйкес әр сыныпта айына 1 рет электр энергиясын үнемдеу мәселелерін қарастыратын ашық сабақтар ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ, бастауыш сыныптар үшін «Электр энергиясын үнемдей білесің бе?» тақырыбында сурет сайысы өтті. Мектептің 1 қабатында арнайы стенд жасалынып, сайыста жеңген оқушылардың жұмыстары ілінді. Оқу кабинеттерінде шамды қосатын бұрыштарға энергияны үнемдеуді сипаттайтын арнайы тақтайшалар қойылды. 8-9 сынып оқушылары арасында «Біз адамдарды жарықты азырақ жұмсауға шақырамыз» ұранымен арнайы жобалар байқауы ұйымдастырылды. Оның барысында кәдімгі шамға қарағанда, қуат үнемдейтін шам энергияны азырақ жұмсайтыны дәлелденіп, оқушылар тағы бір мәрте жарықтандырудың жаңа форматына көшу тиімділігіне көз жеткізді. Пилоттық жобаның жемісін көре отырып, энергияны үнемдеу және сол арқылы қоршаған ортаны аялауға бағытталған ауқымды шаралар әлі де мектебімізде жалғасын табады дегіміз келеді.

Жазып алған
А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.