Шалыс басқанға шынайы қамқорлық

Істі болғанды әлеуметтік сауықтыру – тұтас қоғам үшін қайырлы қарекет. Абақтыда жазасын өтеп қайтқан және пробация (бас бостандығынан айырмай жазаланғанды арнайы бақылау – авт.) қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар қайта қылмыс жасауына жол бермеу қажеттілігі – күн тәртібіндегі келелі мәселе. Бүгінде сол есепте тұрған тұлғаларды қоғамға бейімдеу мақсатында түрлі игі шаралар жасалуда.

Кеншілер шаһарында есепте тұрған азаматтарды бақылау және қоғамға бейімдеуді Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Сәтбаев қалалық пробация қызметі жүзеге асырады. Бүгінде қызметтің есебінде сотталған 150 азамат тіркеуде тұр. Жыл басында сотталған 205 тұлға есепте болса, алты ай ішінде сот үкімінде тағайындалған міндеттерді дұрыс орындағаны үшін 55 азамат мерзімінен бұрын есептен шығарылған.

– Пробация қызметі жазасын құқық бұзушылықсыз өтеп жатқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату мақсатында сотқа қолдау хат жолдайды. Сот қанағаттандырған жағдайда сотталған азамат жаза өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылады. Жазасын өтеу барысында тәртіп бұзғандарды пробация қызметі жазасын ауыстыру мақсатында сотқа ұсыныс жолдайды. Сот ұсынысты қанағаттандырған жағдайда тәртіп бұзған азаматтың жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырады. Биыл жаза өтеу тәртібін бұзған 9 азамат түзеу мекемесіне жіберілген, – дейді қалалық пробация қызметі бөлімінің басшысы Ахат Полат.

Әлеуметтік сауықтыру пробация қызметінің тиімді құралы ретінде маңызға ие. Жалпы жазасын өтеген және есепте тұрғандарға мекеме-кәсіпорын көмегімен әлеуметтік жәрдем жасау мүмкіндігі қарастырылуда. Қала әкімдігінің қаулысымен 5 жұмыс орнына квота қарастырылған.

Бөлімде жазасын өтеп оралған адамның материалдық-тұрмыстық жағдайы жіті зерттеледі, жәрдемақы түрінде әлеуметтік көмек алу тәртібі түсіндіріледі, жұмысқа тұруына ықпал жасалады. Мәселен, биыл соңғы алты айда 24 адам жұмысқа орналасқан. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы 8 азаматқа «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығы арқылы бір реттік көмек берілген. Пробация қызметімен жазасын өтеушілердің қайта қылмыс жасамау, қылмыстың алдын алу мақсатында ұдайы профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.