Маусымның марқасы қанша?

Тәжтажалдың таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан шектеулер қай салаға болмасын өзінің салқынын тигізіп жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл әсіресе бағадан айқын байқалып тұр. Үш айға созылған шектеу шаралары салдарынан сырттан келетін тауарлардың ішкі нарыққа уақытылы жетпеуінен дүкендердегі дүниелердің бағасы көтерілді. Өйтпеске тағы болмайды. «Табыс аз. Шығын көп», – дейді кәсіпкерлер…

Бағаның басқа шауып, төске өрлеуі әсіресе азық-түлік саласының еншісіне тиіп тұр. Жергілікті билік азық-түлік бағасын қанша тұрақтандырғысы келсе де баға нарыққа бағынды. Көп күн жабылып тұрса да ірі сауда орындарындағы киім-кешектің құны төмендемеген. Тұтынушылардың айтуынша, тұрмыстық-техникалық заттардың да үстіне теңге қосылған. Құрылыс материалдарының құны да сондай.

Осы жерде «неге бұлай болды?» деген орынды сауалдың туындары анық. Мұны біз қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мамандарына да қойдық. Себеп төртеу дейді олар.

– Біріншісі, қазір нарық заманы. Бағаны тауар ұсынушы, тауар өндіруші өзі қояды. Біз оған ықпал ете алмаймыз. Екіншіден, сіз айтқан тауарлар қанша уақыт өтсе де құнын жоғалтпайды. Бұзылмайды, ескірмейді, шірімейді. Сөйтіп, қыстай тұрған заттар көктемде бәрібір тұтынушыларын табады. Үшіншіден, екі айғы карантиннің салдарынан бұрын күн сайын ағылып, тоқтамайтын тауарлар таситын транспорт түрлері тоқтады. Төртіншіден, сырттан келетін тауарлар долларға тәуелді болғандықтан, біздің теңгемізбен санаспайды. Десе де, біз сауда орындарынан, тауар өндірушілермен, елмен де санасып, бағаны шамадан тыс өсірмеулерін сұрап, қадағалап отырамыз. Сол үшін арнайы мониторинг жасайтын топ құрылды, – дейді әкімдіктегілер.

Бүгінде қалалықтарды қинап отырған бір жайт бар. Ол – жәрмеңке. Күні кеше апта құрғатпай өтіп жататын ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тоқтағалы базардағы баға да аспандап кетті. Қалалықтар етін де, сүтін де осы жәрмеңкеден, қалталары көтеретін бағаға сатып алушы еді. Енді, міне, үш айға жуықтады, жәрмеңке жоқ. Оның әзір ашылар түрі де жоқ. Осының салдарынан базардағы еттің бағасы да шарықтап кеткен.

Ауылдықтар үшін саудадағы басты көзір – мал. Төрт түліктің тұқымын теңгеге айналдырып отырған ауыл тұрғындарының табысына карантин кедергі болған жоқ. Қаланың базары жабылғанымен, даланың өрісі жабылмады. Мал төлдеп, өсе берді…

«Мал базарында мал бағасы қанша?» деп жиі сұрайтындар үшін мал базарына арнайы барып білдік. Көрдік. Қазіргі уақыттың негізгі бренді мал болып отыр. Оның ішінде биылғы төл – марқалар. Мал саудасында базардың бәсіне айналған қозылардың құны бүгінгі күні 30-35 мың теңге. Ал, бір жыл бұрын туған тоқты, тұсақтар 40 мың теңгенің айналасында. Екі-үш қоздаған саулық қойлар 50-60 мың теңгеден айналса, шопан ата өнімінің ең ірісі саналатын ісек 70 мың теңгеге дейін барады. Бұған қарап, біз бағаның өткен жылғыға қарағанда әрқайсының 5-7 мың теңгеге өскенін байқаймыз.

Көзіміз жеткені – бұрынғыдай мал бағасын «сындыра» алмайсың. Әрі кеткенде, 1000 теңге түседі. Әйтпесе жолыңыз болсын! Қысылып тұрған ешкім жоқ. Алушылар көп. Бұл – мал базарындағылардың кінәсі емес. Ауылда да солай. Қымбат. Неге? Бұл сауалға ауылдықтар малдың бағым-күтіміне кететін шығынның өскенін алға тартады. Екіншіден, ауылдарда қой малы күрт кеміп кетті. Бағымы күрделі, үнемі малшыны қажет етеді дегеп ауылдықтар қойларын сатып, бүгінде қамбар ата мен зеңгі баба тұқымын өсіруге ден қоя бастады.

– Базар бағасы бізге бағынбайды. Сатушы мен сатып алушы сауданы өзара келісіп жүргізеді. Араласуға құқымыз жоқ. Осындай кезде қойдың бағасы қымбаттайтыны белгілі. Блок-бекеттер ашылып, базарға мал қаптағанымен бәрібір баға сол күйінде қалады. Жалпы мал бағасының өсуіне карантиннің қатысы жоқ. Жылда солай. Жаз шыға қой тұқымына сұраныс көп. Осы баға еш төмендемейді, – дейді қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Өмір Бәкенов.

Өмір Ермекбайұлы бағаны бақылайтын мониторингтік топтың да мүшесі екен. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын айтады ол. Оның нәтижесі де жоқ емес екен. Осыдан бірер айғы бағаға қарағанда ет бағасы түсіпті. Мәселен, сиыр етінің келісі бүгінде 1500-1700 теңге көлемінде болса, жылқы етінің келісі 2000 теңгеден сатылуда. Ал, қой еті 1600-1800 тегеден.

Міне, базардағы нарықтың бүгінгі жайы осындай. Егер маусымның марқасын жеймін десеңіз күнделікті шығындарыңызды шектеп, 30-35 мың теңгеңізді үнемдей беріңіз. Бұл бүгінгі орташа баға. Ертең марқалардың ірілері келе бастайды. Олардың салмағы да басқаша болады. Яғни, бағасы да өсуі мүмкін…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.