Ауқымды шара өткізілмек

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына арналған шара Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасының баспасөз орталығында өткізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы күнді мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан еді. Президент тапсырмасын жүзеге асыруды қолға алған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Ал, қаржыландыру мәселесіне «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушiлік етпек. БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде қоғамдық бірлестік төрағасы Төлеген Бүкіров жоспарларымен бөлісті.

– Осы тарихи оқиғалар мен адамзат өркениетінің дамуында өзіндік ізі бар далалықтардың өмір жолын зерттеп, насихаттау жұмысына өзіндік үлес қосу мақсатында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық-бірлестігі кешенді іс-шара ұйымдастырмақ. «Қазақ жеріндегі демократиялық-саяси құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» ғылыми-теориялық конференция, «Ұлытауым – ұлы дала киесі» республикалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, «Аманат» немесе «Төрт босаға» атты тарихи роман жазып, кітап етіп шығармақпыз. Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Батырбек Мырзабекке кітап жазу, ғылыми-теориялық конференция өткізу өлкемізге танымал тарихшы Қабдол Әуезовқа тапсырылды. Ол ақпаратты дайындап, ғылыми зерттеу институттарына, ақпарат құралдары арқылы әр жерге жіберіп жатыр. Алыс-жақыннан додалы жиынға қатысамыз деген ғалымдардың есімі анықталуда. Ақындар мүшәйрасына қатысам деушілердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Ережесі жазылып, қоғамдық бірлестік отырысында жүлде қоры, қазылар алқасы бекітілді. Шығармалар бірінші тамызға дейін қабылданады. Бәріне қаражат керек. Біз осы жұмыстарды жоспарлай отырып, сметасын жасап «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына хатпен шыққан болатынбыз. Сөзге келместен қолдау танытты. 20 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Мұнан соң Қабдол Әуезов ғылыми-теориялық конференцияның негізгі тақырыбына тоқталып, мақсатын кеңінен түсіндіріп өтті. Конференция жинағын шығару көзделген. Үздік мақала иелеріне арнайы сыйлық тапсырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешенді шаралар қыркүйектің төртінде Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрында өткізіледі.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.