Мурал немесе қабырға суреті жайлы не білеміз?

Көшеге көрік беретін, зәулім ғимараттардың қабырғаларына салынған суреттер туралы естіген боларсыз. Көше мәдениетінің бір түріне айналған муралдар соңғы жылдары елімізде кең қолдауға ие болып, стрит-арт стиліндегі туындылар көптің көзайымына айналуда. Белгілі бір тақырыпқа құрылған әрі көркемдік ерекшелігі бар бұл суреттер еліміздің ірі қалаларында салынып, шаһар көркін одан сайын ажарландыра түсуде. Қала келбетіне ерекше әр беретін таңсық өнер жөнінде аз-кем әңгіме өрбітпекпіз.

Мурал монументальды бейнелеу өнерінің тармағы ретінде танымалдылыққа ие. Бұл ағылшын тілінен енген сөз. Ол қабырғаға салынған сурет деген мағынаны білдіреді. Оның тарихы ертедегі адамзат баласының үңгірде қабырғаларға қашаған жазуларынан бастау алады. Ең бірінші түрлі-түсті муралдар Латын-Америка елдерінде өткен ғасырдың бірінші жартысында салына бастапты. Мексикадағы үйлердің қабырғалары жұртшылықты өз бостандықтары мен құқықтары жолында күреске шақыратын муралдарға толы болған. Уақыт өте келе олардың мазмұны кең ауқымға ие болып, үлкен мегаполистерде көбінесе сюрреализм бағытындағы суреттер кеңінен тарала бастаған. Кейін бұл бағыт Латын Америка елінің шекарасынан асып, өзге мемлекеттерге таралды. Әлем елдерінде граффити, яғни қалың жұртшылық арасынан шыққан қабырға суретін салушылар қатары көбейе бастады. Бұл туындының негізгі ерекшелігі – белгілі бір ғимараттың қабырғасына кең көлемде салынуында.

Өткен ғасырда граффити ауыр күнәлардың санатында болған. Бұл бағытты таңдаған суретшілер бұзақылық жасаған деп танылып айыппұл арқалаған. Сол кезеңдегі кәсіби суретшілер бұл «шимай-шатпақтың» тек көшеде ғана қалуын қалаған. Алайда, заманның ағысы бір орнында тұрмайды. 2000 жылдардың басында қабырға суретіне деген қызығушылық пайда бола бастады. Өткір әлеуметтік мәселелер арқау болған туындылар үлкен қолдауға ие болды. Кейін әлемнің ірі қалаларында көше мәдениетін әспеттейтін кең көлемдегі фестивальдар ұйымдастырыла бастады. Осылайша стрит-арт қала кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналып шыға келді.

Сурет өнерінің жаңа бағыты елімізде жақында ғана кең етек жая бастады. Алғашында шарбақтардағы шатпақтармен, кішігірім қабырғаларда түрлі сызба-жазулар ретінде көрініс тапса, уақыт өте келе шынайы суреттер көрермен көңілінен шығып, көше суретшілерінің шығармашылық қабілеті кәсіби тұрғыда артты. Ал бүгінде муралдар шаһар шырайын келтіруде үлкен маңызға ие болып, жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау табуда.

Бұл іспен басым көпшілігі жаңашыл идеялары бар жастар айналысады. Суретші көбіне қоғамдағы келеңсіз жағдайларды, еңбегі сіңген елеулі тұлғаларды «нысанға» алады. Мәселен, өнер ордасы саналатын Алматы шаһарында аталған мәдениетті қалыптастырушылар қарасы қалың. Оны жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін арт-фестивальдер айғақтайды. Мысалға, «Art Energy Almaty» атты заманауи өнер фестивалі көше мәдениетіне қызығушылар жиналатын шығармашылық орта қалыптастырған.

Бұрынғы жол көліктерін жөндейтін кәсіпорынның (ДЕПО) жабылуына байланысты аталған нысан DEPO Evolution Park орталығына айналып, көше мәдениетіне бет бұрған жандар бас қосатын алаң құрылды. Бүгінде мұндағы ғимараттардың қабырғалары да муралмен көмкерілген. Стрит-арттың сәнді суреттері қаланың ірі көшелеріне де «көшіп» ерекше көрік беруде. Мұндай туындыларды Нұр-Сұлтан қаласынан да кездестіруге болады. Таяуда дәл осындай қабырға суреті Қарағанды қаласында алғаш рет пайда болды. Заңсыз аң аулаған қылмыскерлерді құрықтау барысында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің құрметіне қала орталығындағы Н.Әбдіров көшесінің қабырғасында ескерткіш сурет салынған. Бұл туынды көше суретшілерімен құрылған топтың жергілікті әкімдік тарапынан қолдау тауып жүзеге асқанын атап өткен жөн.

Түйін. Көп қабатты үйлерге суреттер тек әкімшіліктің рұқсатымен салынады. Муралдар кез келген ауа райына көмескіленбей 5-6 жыл шыдас береді екен. Демек тұрғын үйлердің бүйіріне бейнеленген көркем суреттер талай көзді қуантатыны түсінікті. Жалпы мұндай қанық түсті әрі айшықты суреттер шаһардың күнделікті күйбең тіршілігінен жалыққан тұрғындары үшін қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз…

Ғаламтор желісі бойынша әзірлеген
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.