Онлайн олимпиаданың жеңімпаздары

Қаламыздағы алдыңғы қатарлы оқу орны – №1 мектеп-гимназиясы 2011-2012 оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтады. Оған дәлел – қала мектептерінің ішінен биылғы түлектердің ҰБТ-дан алған баллы бойынша екінші орын. Онымен қоса, Қостанай облысындағы «Жастарды дайындау және қолдау» орталығы тікелей Ресей ғалымдарымен жұмыс жасауының нәтижесінде биыл сегізінші жыл өткен VІІІ Халықаралық онлайн олимпиададан мектептің 172 оқушысы жүлделі орынды иеленді.

Ресейлік академиктер мен профессорлардың сынағынан өткен 172 оқушының жиырмасы ІІІ, алпысы ІІ, сексені І дәрежелі дипломды иеленді. Ал, қазақ тобында оқитын 12 оқушының алтауы орыс тілінен алтын медальді қанжығаға байлады. Екінші жыл қатысып, білімдерін сарапқа салған мектеп ұжымының бұл алғашқы жеңісі. Жақында осы оқушыларды марапаттау рәсімі өтті.

Онлайн олимпиадада қаланың, облыстың, елдің атын шығарып, білімдері жоғары бағаланған 5 сынып оқушылары – Аружан Татамбаева, Айжан Серікбаева, Нұрбибі Әбсалықова, 6 сынып оқушылары – Айымкүл Бозтаева, Аслан Орынбаев, Медина Сағынтаева Ресей ғалымдарының дипломдары мен бағалы сыйлықтарын еншіледі. Сондай-ақ, осы оқушылардың ата-аналары да ұйымдастырушылардың атынан Алғыс хатпен марапатталды. Оқушылардың осындай дәрежеде білім көрсетулері ұстаз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Жас білімпаздардың білімін аша түскен ұстаздар да марапаттаусыз қалмады. Мектеп басшысы, жоғарғы дәрежелі орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәния Сағынтаева бастаған бір топ ұстаздар марапатқа лайық деп танылған.

Мектеп басшысының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ләззат Беисованың айтуынша, Халықаралық дәрежеде өткен олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Германия Украина, Чехия, Беларуссия, Тәжікстан және Түркия мемлекеттерінен оқушылар қатысқан. – Оқушылар үш кезеңнен – күзде, қыста және шешуші кезең – жазда сынға түсті. Бұл жолғы олимпиадада қазақ елі жастарының білімді екендіктерін Қызылорда облысының оқушылары мен Қарағанды облысынан Сәтбаев қаласы бойынша біздің мектептің оқушылары өз деңгейінде көрсете алды, – деді Ләззат Аманжолқызы.

Марапаттау рәсімінде олимпиаданың І дәрежелі диплом иегері, мектептің түлегі Гүлай Алпысбаева өзінің іні-сіңілілеріне мектептің атын жоғарғы дәрежеде ұстап жүруге тілектестігін білдірді.

Ата-аналар да балаларының білімін ашып, ізденіске, талпынысқа жетелеген мектеп ұстаздарына ризашылық сезімдерін жеткізді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.