ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСУДА

Биыл кеншілер қаласында төрт мектепке — ағымдағы, үш балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Оған тиісінше 177 миллион 467 мың теңге және 890 миллион 705 мың теңге қаржы қарастырылған. Тиісті тендер өтіп, бәсекеде бағы жанған мердігер білекті сыбанып, іске кірісіп те кетті. Жөндеу жұмысындағы 268 адамның жартысы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021» бағдарламасына сәйкес жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды.

№3 жалпы орта білім беретін мектепте қасбеті жаңартылып, шатыры ішінара жөнделеді, №5 жалпы орта білім беретін мектептің қасбеті қалпына келтіріледі. Бұл нысандардағы шаруамен «Жаңа құрылыс 2012» ЖШС айналысуда. «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі №15 жалпы орта білім беретін мектептің шатырын ауыстырады, ал, «Астана Премимум Строй» ЖШС №19 лицей-мектептің қасбетін және су құбырын жөндейді.

Өткен аптада шаһар басшысы Асқар Ыдырысов мамырда басталған ағымдағы жөндеу жұмысының мән-жайымен танысты. Барлық нысанда жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Тек №15 мектептің шатырындағы күмбез пішіндес бөлігін жөндеу жағы ептеп қиындық тудыратын түрі бар. Сондықтан, мердігер мекеме басшылығы бірқатар басқа қаладағы осындай ғимаратты жөндеген құрылысшылармен хабарласып, ақыл-кеңес алуда. Қала басшысы жаңа оқу жылы алдында алашапқын болмау үшін мердігерлерге барлық жұмысты тамыздың алғашқы аптасында тиянақтауды тапсырды. «Ең бастысы — жөндеу сапасынан мін табылмауға тиіс» деді ол.

— Сметалық жоба бойынша күрделі жөндеуден өтетін үш мектепке дейінгі мекемеде шатырды ауыстыру, ғимараттың қасбеті мен жертөлесін жаңғырту, терезе мен есікті ауыстыру, әрлеу, жылу мен су құбырын, канализацияны желдету және өртке қарсы дабыл қағу жүйесін ауыстыру, электр-монтаж жұмысын жүргізу керек. Жұмыс мамырда басталды. Атқарылатын жұмыс көлеміне қарай белгіленген кестеге сәйкес «KZ Центр» ЖШС №26 «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасында — қыркүйекке, «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі №29 «Балдаурен» бөбекжай-балабақшасында — қарашаға, «Самға»» ЖШС №31 «Балапан» бөбекжай-балабақшасында желтоқсанға дейін жөндеуді тәмамдауға тиіс, — дейді, қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Қалалық бюджеттік бағдарламаның орындалысы мен білім беру және денсаулық сақтау нысанындағы жөндеу жұмысына мониторинг пен бақылау жасайтын жұмыс тобы маусымның алғашқы онкүндігінде үш мектеп пен екі балабақшаның құрылыс алаңында болды. Жөндеу кестеге сәйкес жүргізілуде, жұмыс күші жеткілікті, құрылыс материалымен жабдықтау жүйелі жолға қойылған. Кездескен кейбір кемшілікке қатысты айтылған ескертуді мердігер түсіністікпен қабылдап, жоюға уәде берді. Мұндай бақылау мен мониторингті алты жұмыс тобы жөндеу толық аяқталғанша жүргізеді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.