Мейірім мен төзім иелері

Дәрігерлік мамандықты таңдап, оның қыр-сырын қанық білу үшін мейірім мен төзім қажет. Жан мен тәнге шипа дарытар ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк те ауыр. Оларға қоғамда қанша сын айтылса да, ерекше құрмет тұтатынымыз ақиқат. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса бірден дәрігерге жүгінетініміз де рас. Біз медицина қызметкерлері күніне орай, абзал жандардың адал қызметінің қыр-сырына бойлау үшін бір күнімізді Сәтбаев қалалық орталық аурухананың жансақтау бөлімінде өткіздік.

Әрине, ауруханадағы тыныс-тіршілік, оның ішінде жансақтау бөліміндегі жұмыстың қаншалықты қауырт әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні бәрімізге аян. Адам өміріне араша болатын, алғашқы көмек көрсетіп, дертіне дауа дарытатын дәрігерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық.

Бөлімге бас сұқпас бұрын алдымен тазалық сақтау үшін ақ халат пен қолыма арнайы қолғап кидім. Бөлімнің бас медбибісі Ұлбосын Тұрарбекова ұжымды таныстырып, аз-кем әңгімелестік. Бір мезетте бірнеше адамға жедел медициналық көмек көрсете алатын бөлімде көргенімдей біраз уақыт бұрын ауыр жағдаймен түскен төрт науқас ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы әдепкі кездегіден жақсарып, қалыпқа түскен. Бөлімде ауыр жағдаймен түскендерге дер кезінде диагноз қойылып, қажетті ем-дом шарасы жасалады. Жағдайы оңалған науқас басқа бөлімдерге ауыстырылып, тиісті медициналық көмекті алады. Мұнда дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін оларға тез әрі дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізетін, ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін бақылуға қажетті медициналық құрылғылар да жеткілікті. Жалпы әр аппараттың өзіндік атқаратын қызметі бар екендігін ескерсек, асығыс әрі шапшаң қимылдау кезінде ағаттық жібермеу де мұндағы маманның басты қағидасы. Бұл орайда кәсіби сауаттылық пен жан-жақтылық бөлімдегі әр қызметкердің бойынан табылады.

Жансақтау бөлімінде екі дәрігер, алты мейірбике және төрт кіші буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Бөлім меңгерушісі Гүлнәр Арысова жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер. Аурухананың жауапты бөлімінде қызмет атқаратын маман талай науқастың жанына араша болып, елдің батасына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан. Мұнан өзге, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Күлғайша Майтбасова өз ісіне адал, көп жылдан бері осы салада жүрген тәжірибелі маман. Науқасты отаға дайындау, диагностика жасау, жансақтау әдістерін жүргізу – білікті мамандардың негізгі қызметі. Науқастың отадан, не болмаса аса қауіпті төтенше жағдайдан аман-есен шығып, сауығып кетуінде анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің үлесі орасан. Себебі, тез ойлап, жылдам шешім қабылдай алатын қабілетке ие. Ал, науқасты күтуде дәрігер нұсқаулығын сапалы орындайтын медбибілердің де, қажетті препараттарды даярлайтын кіші буын қызметкерлердің де еңбегі еселі.

Ақ халатты абзал жандардың бір күндік жұмысымен танысқаныммен қызметтерінің қыр-сырын жетік меңгердім деп айту қисынсыз. Өйткені, бұл мамандық жауапты әрі күрделі. Бұл – адам анатомиясын терең біліп, адам тағдырына асқан жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлердің қызметі.

Түйін. Тұтас ұлттың саулығы жолында еңбек ететін ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. Олар туралы қанша жазсақ та артық етпейді. Бір күндік бақылау барысында қаншалықты жауапты, адам жанына араша түсетін абзал жандардың қай кезде де құрметке лайық екендігін сезіндім.

Іңкәр БУКИШЕВА.
Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенті.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.