Медицина саласына жас мамандар ауадай қажет

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының негізінде бой көтерген қалалық емхана күніне 500 адамды қабылдауға қабілетті. Жоғарғы санатты дəрігер Əлия ҚОҢЫРОВА басқарып отырған емхананың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында емхана басшысын əңгімеге тартқан едік.

– Əлия Мешітбайқызы, Елбасы медицина саласын реформалауға аса мəн беріп отыр. Осы тұрғыда былтырғы жылы қабылданған «Саламатты Қазақстан – 2015» бағдарламасы емханада қалай жүзеге асырылуда? Əңгімені осыдан бастасақ.

– Медицина саласында оң нəтижелерге жетуді көздеп отырған бұл бағдарлама 2011 -2015 жылдарға арналған. Біз бүгінгі таңда бағдарлама аясында ана мен бала өлімін төмендетуге қол жеткіздік. Былтырғы жылмен салыстырғанда ана өлімі тіркелген жоқ. Нəрестелердің шетінеуі облыс бойынша Сəтбаев қаласында төмендеді. Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы өз Жолдауларында əсіресе онкологиялық аурулардың алдын алуды қадап айтуда. Бұл бағытта да жұмыстар жүйелі атқарылуда. Атап айтар болсақ, емханада онкологиялық бөлме жұмыс жасауда. Бұл бөлме қала мен оның аумағындағы елдімекендердегі адамдарға қызмет көрсетеді.

2012 жылдың 6 айының қорытындысын өткен жылмен салыстырып қарар болсақ, онкологиялық қызмет көрсету сапасының өскендігін байқаймыз. Аурудың белгілерін ерте анықтау мақсатында тууға қабілетті 15 пен 49 жас аралығындағы əйелдер тексерістен өткізіліп тұрады. Биылғы жылы қаралған 1030 əйелдің ішінен сүт бездерінің жəне жатыр мойнының патологиялық өзгерістері бар 48 оқиға анықталған. Бұл əйелдердің барлығы да УЗД өтіп, маммолог дəрігерге қаралды. Бір сөзбен айтқанда, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы денсаулық сақтау саласының даму көзіне айналып отыр.

– Осы тұста емхана жайында толық айтып кетсеңіз.

– Емханада күндізгі емдеу орны, рентген, флюорокабинеттерімен қоса, ана болуды жоспарлау, жастар орталығы, психологиялық күйзеліске түскен адамдарға көмек беретін бөлмелер бар. Сонымен қоса, емханада 14 аурудың түріне тегін дəрі-дəрмек беретін əлеуметтік дəріхана жұмыс істейді. Айта кету керек, бұл дəріханаға келетін дəрілердің қаржыландыру көзі – республикалық жəне облыстық бюджет. Жалпы алғанда 320 маман жұмыс жасайды. Оның 55-і дəрігер мамандар болса, 164-і орта қызметтегі мамандар.

– Емхана ашылған кезде 13 жас маманмен толыққанын білеміз. Осы маман дəрігерлер орнығып қалды ма? Жалпы емханада жас мамандардың үлес салмағы қанша?

– Сұрағыңыз өте орынды. Алғашқы ашылған сəтте келген 13 маманнан қазір тек үшеуі ғана жұмыс жасайды. Медицина саласында білікті жас мамандардың жетіспеушілігі республика көлемінде байқалып жүр. Қаншалықты бағдарлама қабылдап, аурудың алдын аламыз дегенімізбен, медицина саласы білікті де білімді жас мамандармен толықпаса, ол бағдарламалардан үміт аз. Емханадағы көп дəрігерлердің қатары зейнеткерлік жасқа жеткендер. Олар кететіндей жағдай болса, орын алмастыратын мамандар ауадай қажет. Мен бұл өткір сұрақты қала басшылығының алдында көтеріп жүрмін. Емханада қазіргі күні мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Бұл олқылықтарды Жезқазған қаласындағы орталық емхананың білікті мамандарымен келісім арқылы ғана шешіп отырмыз.

– Келген мамандардың орнығып жұмыс жасауына не кедергі?

– Ең əуелі мамандардың əлеуметтік пакеті, яғни тұрғын үймен қамтылуы жəне көтерме жалақы мəселесі болып отыр. Бұл мəселені де жергілікті биліктің назарына ұсынып жүрміз. Қала басшылығы жас мамандар келген жағдайда осы бір түйткілді мəселені шешеді деп ойлаймыз.

– Медицина саласын дамытудың аса бір оңтайлы жолы – тиімділігі тəжірибеден өткен бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бағытындағы жұмыстардың нəтижесі қалай?

– Бұл бағыт бойынша емхана 3 жылдың көлемінде жұмыс жасап келеді. Бұл жүйе тұрғындарға көрсетілетін стационарлық, медициналық көмектің сапасын жоғарылатуды көздейді. Жүйенің негізінде емделушілер республикалық жəне аймақтық госпитальдау бюросына портал арқылы тіркеліп, барлық медициналық тексерістерден өтеді. Мұндай тиімділігі дəлелденген жоспарлы госпитальдауды қала тұрғындарының көбі түсіне бермейді. Əрине, мұның барлығы заман талабына сай халық денсаулығын жақсарту үшін жасалып отырған жұмыстар. Еңбекпен келетін осындай жобаларға халық байыппен қараса екен дейміз.

– Əлия Мешітбайқызы, маусым айының үшінші жексенбісі адам жанының арашасына айналған өздеріңіздің төл мерекелеріңіз. Əріптестеріңізге айтар тілегіңіз бен лебізіңіз.

– Халық денсаулығының сақшысына айналған құрметті əріптестерімнің еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тілеймін. Аға-апалардың ізін жалғайтын білікті жас мамандардың қатары өсіп, денсаулық саласын дамыту жолында бірлесе еңбек етсек деген тілегім бар.

– Əңгімеңізге рахмет!

Əңгімелескен Бағдат ҚАЗКЕНОВ

Комментарии закрыты.