Медиация – татулықтың негізі

Медиация – мемлекетіміздің сот жүйесіндегі басты жаңалықтардың бірі. Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасындағы туындаған дау-дамайларды би-шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіру, дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.

Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, қассациялық сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсының өзінің уақыты мен мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, кейде жылдарға созылып кетеді. Ал, медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді.

Медиацияны қарапайым тілмен «бітімгершілік» деп айтуға болады. Тараптар арасында келіспеушілік туындаған жағдайда азаматтар мен заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Медиацияны қолдану дауласушы тараптарға соттағы қағазбастылықтан, мағынасыз уақыт және ақша жұмсаудан, сонымен қатар адамгершілік, іскерлік немесе серіктестік қатынастарды, бедел мен өз ортасындағы сыйластықты сақтауға мүкіндік береді. Медиация туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін, егер іс сотта қаралса, ол сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Қорыта айтқанда, медиацияның негізгі мақсаты дауласушы екі тарапты да қанағаттандыратын ортақ шешім табу, екі жақтың да пікірін үйлестіріп, бітімге келтіру болып табылады.

Б.ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Сәтбаев қалалық сотының кеңсе жетекші маманы.

Комментарии закрыты.