Жаздың бір күні – қыстың бір айы

Иә, «жаздың бір күні қыстың бір айына тең» дейді шаруа баққан халық. Бұл қағиданы бүгінде халықты жылумен, сумен жабдықтап отырған кәсіпорынның жұмысшылары да қатаң ұстанады. Өйткені, жазда жалқаулық жасасаң, қыста қысыласың.

Сондықтан, Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны жылу беру маусымы аяқталысымен алдағы қысқа әзірлік қамына кірісіп кетеді. Бұл бағытта арнайы жоспар жасалып, осы жерден түбі ақау шығады-ау деген жылу һәм су құбырларын ауыстыру басталады. Осы науқан биыл да уақытылы басталып, қызу жүріп жатыр. Бұл бағытта арнайы жасақталған бригадалар уақытпен санаспай еңбек етуде.

Темір құбырлар пропиленге алмастырылуда

Үстіміздегі жылы қаланың батыс ауданындағы көшелерге абаттандыру жұмыстары басталды. Жолдар жөнделіп, бордюрлер алмастырылып жатыр. Осыған орай жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны да өздеріне тиесілі су, жылу құбырларын заманауи материалдарға алмастырып, абаттанған көшені қайта-қайта бұзбаудың қамын жасауда.

– Өздеріңізге мәлім, темір құбырлар көпке шыдас бермейді. Әсіресе, жер астында жатқандары тез шіріп, су кетіп, соңынан шу шығып жатады. Сондықтан, біз осы батыс аудандағы темір құбырларды пропилен құбырларға алмастыруды қолға алдық. Қазір Жанпейісов көшесіндегі 600 метр су құбырының 300 метрі пропилен құбырға алмастырылды. Бұған дейін біз Сары-Арқа, Дүрментаев, Үншібаев көшелеріндегі құбырларды айырбастадық. Келесі айда Кентаев көшесі кезекте тұр, – дейді қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының өндірістік бөлім басшысының орынбасары Қанат Әубәкіров.

Желілерді жаңғырту жұмысымен су және кәріз желілері цехының үш жігіті айналысып жатыр екен. Бәрі технологияға сай жасалуда. Темір құбыр алынғаннан соң ол жерге майда құм төселіп, оған пропилен құбыр жатқызылады екен. Оның үстіне тағы жұмсақ құм төгіледі.

– Егер, құбырдың үстіне тас аралас топырақ тасталса, пропилен құбырды қысып қалуы мүмкін. Одан судың қысымы азаяды. Сол үшін жігіттер құбырға осылай «қауіпсіздік» шараларын жасайды, – деп түсіндірді бізге Қанат Асқарұлы.

Жалпы, қала бойынша 6 шақырым магистральдық желі жөнделуі керек екен. Бұл жұмыс сәуір айында басталыпты. Бір бұл ғана емес, қалада қазір қарбалас шақ басталған. Қаланың енді бір ауданында жылу желілерін жөндеу жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Ол жайында сәл кейінірек әңгімелейтін боламыз.

Слесарьдан бригадирге дейін

«Мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы» демей ме. Қанат Әубәкіровпен әңгімеден кейін біз одан осы жұмыстарды атқарып, таңның атысы, күннің батысы далада тер төгіп жүрген жігіттердің жұмысын көрсетуді өтіндік.

– Дұрыс айтасыз. Былай қарағанда көзге көрінбейтін жұмыс. Бірақ, қысы-жазы сол жігіттер елді жылумен, сумен қамтамасыз етеміз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүреді. Тіпті, қазіргі пандемия уақытында да қатерге қарсы тұрып, ел үшін жандарын шүберекке түйіп жүр, – дейді Қақаң машинасына отырып жатып.

Біз келгенде жігіттер Жанпейісов көшесіндегі пропилен құбырларды бір-біріне жалғастырып, құдыққа салуға әзірлеп жатыр екен. Келген бетте бригадир Әділ Сейітжановты әңгімеге тарттық.

– Міне, үшінші айдан асып барады біздің бригада осы батыс аудандағы темір құбырларды пропиленге алмастырып жатыр. Бос тұрыс жоқ. Материалдар жеткілікті. Бұрынғыдай қолмен атқарылатын жұмыстар жеңілдетілген. Темір-бетон құдықтарды транспорт цехының жігіттері тесіп береді. Біз сол жерлерге құбырларды жүргізіп, жалғап жатырмыз. Бұл көшедегі жұмыс 50 процентке орындалды. Мұның бәрі Амангелді Сүлейменов, Жанат Жұмаділдин, Бегайдар Есенқұлов сынды өз істеріне мығым жігіттердің арқасында жүзеге асып жатыр. Қатарымызға жастар де келіп қосылуда. Міне, бір жылдан асып барады Сағдат Нұрымов деген жігітті қызығынан қиындығы басым кәсіпке тәрбиелеп жатырмыз, – дейді Әділ.

Әділдің өзі бұл кәсіпорынға сонау тоқсаныншы жылдың ортасында келген екен. Әскер қатарынан келісімен қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына слесарь болып орналасыпты. Ширек ғасырдан астам шеберлігін шыңдаған ол бүгінде су және кәріз жүйесі цехында бригадир болып еңбек етіп жатыр.

Механизатор һәм компрессоршы

Аталмыш кәсіпорында ширек ғасырдан астам жұмыс істеп келе жатқан бесаспап жігіттердің бірі – Қуандық Тынымбаев. Ол сонау Қарақұм ауылының тумасы. Кешегі Кеңес өкіметі кезінде ауылда механизатор болып еңбек еткен екен. Үкімет құлап, кеңшарлар жабылып жатқан тұста осы кенді қалаға келіп, ондағы сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнына механизатор болып орналасады.
– Сол кездегі тісқақты мамандар ауылдан келген біздерге «қалада қалғың келсе екі-үш мамандықтың құлағын ұста, бірі болмаса бірі әжетіңе жарайды» деп айтып, кәсіпорын жанындағы түрлі курстарға оқып, үйренуге тықпалайтын. Шынында да, соның пайдасын көріп отырмын. Қазір транспорт цехында компрессоршы болып еңбек етіп келемін. Негізгі міндетім – жерді қопару, темір-бетон бұйымдарды тесу. Биыл су құбырларын жаңартып жатырмыз. Осы жерде мен құдықтарды тесіп, құбыр өткізуге жол ашамын, – дейді Қуандық бізбен әңгімесінде.

Сұлуынан жылуы

Қазақ жылтыраған бұйымнан гөрі бойыңа жылу беретін ескінің өзін қадір тұтады емес пе. Қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны да жылу желілерін жаңамен тұтас жаңғыртпаса да ескілерін алмастырып, кетілгенін кесіп, тесілгенін бүтіндеп бағуда. Соның арқасында, шүкір, қыстың көзі қырауда жылусыз қалған кез болған емес. Ал, мұның бәрі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының уақытылы, әрі сапалы орындалуының нәтижесі.

Міне, биыл да жылу беру маусымы аяқталысымен арнайы бригада жасақталып, қаланың жылу желілері де жаңғыртылып жатыр. Біз жолыққан бригада сол істі сапалы атқарып жатқандар болды. Бізді учаске шебері Медет Төлеуов қарсы алып, жұмыстың барысымен таныстырды. Оның айтуынша, жылу құбырларын тарту су құбырларын ауыстырудан анағұрлым күрделі көрінеді. Жылу құбырлары арнайы каналмен жүретіндіктен, ол жерлерге кіру үшін арнайы орындар болады екен. Аптаның басында аталмыш бригада «Сарыарқа» базарының маңындағы 200 метр жылу құбырын алмастырыпты.

– Негізі, темір құбырлар болғандықтан, бұл жердегі жұмыс күшін техникалар, яғни автокрандар атқарады. Құбырды крандар ұстап тұрып, дәнекерлеушілер жалғайды. Осы жұмыстарды алты адам атқардық. Оның ішінде дәнекерлеушілер Махамбет Әли, Василий Рихлюктің есімдерін ерекше атап айтуға болады. Нағыз өз ісінің шеберлері, – дейді Медет.

Учаске шеберінің айтуынша, аталмыш учаске су құбырларын алмастыру ісімен де айналысады екен. Олар бесінші шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ету ісімен де айналысып жатыр. Анатолий Лозавенко, Есен Жансүгіров, Ербол Қаратаев, Икрамбек Берлібеков, Бағлан Көбенов, Айтжан Тағамбаев сынды мамандар жұмыстың жүйелі жүруіне ұйытқы болуда.

Пропиленші

Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, қалада темір құбырлар пропилен құбырлармен алмастырылып жатыр. Ал, бұл жұмыстың да өзіне тән қыры мен сыры бар. Оны бұл іске қаныққан, жаттыққан мамандар ғана атқаруда. Сондай заманауи мамандық иелерінің бірі – Валерий Ананьев.

Ол бұл кәсіпорынға үшінші мыңжылдықтың басында келген екен. Жұмысты монтажник болып бастаған ол кейін осы мамандықты үйреніп алыпты. Үйренгенде де анау-мынаудан емес, Израильден келген мамандардан оқыған.

– Марина Бойчук осы кәсіпорынды басқарып тұрған кезде темір құбырларды заманауи материалдармен алмастыру мәселесі көтерілген еді. Себебі, темір құбыр әрі кеткенде он жылға жарамды. Одан кейін оны ауыстыру керек. Ал, ұзаққа шыдайтын материал – полипропилен. Ол жердің астында 50 жыл шыдас береді. Осылайша, құбырларды алмастыру басталды. Израильден мамандар келіп, шеберлік сабақтар өткізді. Құбырларды жалғайтын аппаратпен жұмыс істеуді үйретті. Мен сол кезде оқып, үйреніп алғанмын. Кейін ол өнерімді Анатолий Лозавенкоға үйреттім. Қазір учаскеде екеуміз дәнекерлеп жүрміз, – дейді Валерий Владимирович.

Сусорғылар да жөнделіп жатыр

Қыста жылудың, судың тоқтаусыз берілуі құбырларды алмастыруға ғана байланысты емес. Сол ауыз су мен ыстық суды қысыммен қуатын сорғылардың да тоқтаусыз, ақаусыз жұмыс істеуі қыстан қысылмай шығудың кепілі. Міне, осы бағытта да кәсіпорын басшылары қаладағы сусорғылардың жұмысына аса мән беріп отырады. Қазір сол сусорғы станцияларында тексеру, жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Әсіресе, суды ашып, жауып отыратын қондырғылардың дұрыс жұмыс істеуі ысырапты болдырмаудың алғы шарты.

– Біздің жігіттер 250-лік задвижкаға тексеру-жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Қондырғыны ашып, ішін майлап, тетіктерінің жарамсыздарын алмастырамыз. Бұл қондырғының қыста тез ашылып, жабылуына мүмкіндік береді, – дейді бізбен әңгімесінде жылу желісінің слесарьлар бригадасының бригадирі Сағынтай Төлеубаев.

Сәкеңнің бұл салада тер төгіп келе жатқанына да жиырма жылдан астам уақыт болыпты. Оның ішінде осы №3 жылу желісінде бригадир болып еңбек етіп келеді. Бригадасында Қанат Шахманов, Бегарыс Кеңес, Бейбарыс Сапар сынды жігіттер жұмыс істейді. Тұтас Ерден көшесінің бойындағы жылу желілері осы бригаданың еншісінде екен.

Міне, жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, алдағы қаһарлы қысқа қапысыз қамдық жасап жатқан қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының бір күнгі жұмыс ырғағы осындай болды. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Әр аптаға, әр айға белгіленген жұмыстарды сапалы әрі мінсіз атқаруға тырысуда. Жігіттердің осы қарқынына қарап біз қысқа әзірлік маусымының ойдағыдай аяқталуына сенімді күйде қайттық.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.