Бейімдеу – басты талап

Сәтбаев қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босап келген тұлғаларға әлеуметтік-медициналық көмек көрсету – әлеуметтік сауықтырудың маңызды тармағы. Жазасын өтеп келгендерді тұрғылықты жеріне бейімдеу қайта қылмыс жасаудың алдын алуға бағытталған. Өткен аптада қалалық әкімдіктің кіші залында осы мәселенің мән-жайы талқыға салынды.

Түзету мекемелерінде жазасын өтеп келгендерді әлеуметтік бейімдеу қылмыстық жазаларды атқару жүйесінің негізгі міндеттері қатарына жатады. Бұл өз кезегінде істі болған тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алады. Сондықтан, сотталған азаматтарды әлеуметтік сауықтыру, олардың құқықтары мен бостандығын, заңды мүдделерін қорғауды еш кідіріссіз іске асыру керек. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендинаның төрағалығымен өткен отырыста аталған мәселедегі түйткілдер тарқатылды. Отырысқа комиссия мүшелерімен қатар шаһардағы медициналық мекеме өкілдері қатысты.

Бұл орайда жазасын өтеп келгендерді қоғамға бейімдеу үшін үкіметтік емес ұйымдарға тарту көзделген. Бүгінде бұл жұмыстар елдегі індеттің таралуына байланысты өз деңгейінде атқарылмай келеді. Қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сара Мұхамбеталина өз баяндамасында бұл жұмыстарды жүйелі жүргізу жоспарда тұрғанын жеткізді.

Сотталған азаматтарға медициналық көмек көрсету де басты назарға алынуы керек. Түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтарға ем-дом тұрғылықты мекен-жайы бойынша отбасылық дәрігерлік амбулатория арқылы көрсетіледі. Ал, тіркеуі жоқ тұлғалар тегін медициналық көмекті тиісінше ала алмай келеді. Жиынға қатысқан емдеу мекемелерінің өкілдері мұндай тұлғалар қалалық емханада қаралатынын жеткізді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.