«Коронавирус – қолдан жасалған індет», – деп қарау қате түсінік

Міне, үш айдың жүзі болды, үшкірсең кетіп қалатын тұмаумен (көпшілік коронавирусты осылай қабылдап жүр. І.Б.) күллі әлем болып күресіп келеміз. Жеңе алатын емеспіз. Жеңілетін емес. Қайта, өршіп барады.

Мамандардың айтуынша, коронавирус індетін кәдімгі тұмаумен мүлде салыстыруға болмайды. Мұның қауіптілігі, сонда, тұмауға шалдыққан бір адам оны 56 адамға жұқтырғанға дейінгі уақыт аралығында COVID-19 дертіне шалдыққан адам бұл вирусты 2047 адамға (демек, 36,5 есе артық жылдамдықпен) таратып үлгереді екен.
Тағы бір дерек, тұмауға шалдыққандар арасында өлім-жітім көрсеткіші 0,1% болса, коронавируспен ауырғандар арасында 2,5-3% болады, ал бүгінгі деректер бойынша тіпті 5%-ға жетті.

Бүкіл қоғам біркісідей жұмылмаған күнде бұл қауіпті індеттің алдын алу өте қиынға соғатынын мамандар айтудай-ақ айтып келеді…

Таралуының алдын алу – өз қолымызда

Соңғы кездері коронавирусқа шалдыққандар қатарының күрт өсуі көпшілікті алаңдатып отыр. Ал, кеселдің сондай жылдамдықпен таралуына өзіміз себепкер болып отырғанымызды мойындағымыз келмейді. Өкінішті-ақ.

– Қазір әлеуметтік желілер арқылы коронавирус пандемиясының бар екенін жоққа шығаратын түрлі ақпараттар таралып, біздің отандастарымыздың бірқатары сол ақпараттар жетегінде жүріп, қауіпті вирустың бар екеніне әлі күмәнмен қарауда. Мұның қауіптілігі – вирусты жоққа шығарған жан одан сақтану шараларын да елемейді, сөйтіп өзіне, жақындарына және айналасындағы басқа адамдарға зиянын тигізеді, – дейді Сәтбаев қалалық жедел жәрдем подстанциясының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Нұрлан Мұхамбединов.

Дәрігердің айтуынша, мұндай бейқамдықтың тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде коронавирустың одан әрі таралуын ауыздықтауға кедергі келтіріп отырғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да алға тартып отырған көрінеді.

Жалпы, медицина саласының мамандарына құлақ түрсек, әлем 1918 жылғы «испан тұмауынан» кейін бірінші рет осындай үлкен қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Бұл пікірді мәліметтер де растайды. ДДСҰ-ның деректерінде көрсетілгендей, тек бір күн ішінде ғана әлемде 137 мың адам осы дертті жұқтырып, 5 мыңнан астам адам көз жұмған екен. Осындай жағдайда түрлі жалған ақпаратты желеу етіп, біріміз әрі, біріміз бері тартар болсақ, бұл көзге көрінбейтін титтей ғана вирустың одан әрі үлкен күш алуына, адамзат үшін үлкен қатерге айналуына жол ашпақ. Әрине, оның бетін әрі қылсын…

– Қазіргі таңда қайдан шығып, кімнің таратып жатқаны белгісіз ақпараттарды, біреудің оң-солын айырмай айта салған пікірін алға ұстамай, мамандардың ақыл-кеңесіне ғана құлақ түру әрқайсымыздың амандығымыз үшін өте маңызды. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпайық. Сақтық шараларына мұқият болу – түптеп келгенде, сіздің өз жақындарыңыз алдындағы жауапкершілік, борышыңыз, – дейді Нұрлан Аптықалықұлы.

– Қазіргі жағдайда коронавирустың бар-жоқтығына күмәнмен қарайтын адамдардың өз пікірлерін басқаларға да таратуы дұрыс емес. Өйткені, кей адамдардың соған сеніп, сақтық шараларына мән бермеуі, сөйтіп расымен де COVID-19 дертіне шалдығуы, қауіпті вирустың одан әрі таралуына себепкер болуы мүмкін. Меніңше, өз ортасына, еліне, халқына жаны ашитын әр адам соңы өкінішке ұласуы мүмкін ондай пікірді таратудан аулақ болады, – дейді енді бір сұхбаттасымыз, Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина.

Маманның айтуынша, әлемнің 200-ден астам мемлекетінің дәрігерлері, яғни әлемнің түкпір-түкпіріндегі осы саланың мамандары вирустың бар екенін, оны жұқтырғандардың күн сайын тіркеліп отырғанын айтып, дабыл қағып, көпшілігі үй бетін көрместен, COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу мекемелерінде айлап жұмыс істеп жүр. Сондықтан, біз қауесет сөздерден гөрі, мамандарға сенуіміз, солардың ақыл-кеңесіне жүгінуіміз керек.

– Соңғы кезде коронавирусты жұқтырғандар қатарының күрт көбеюі халықтың басым бөлігінің сақтық шараларын әлсіретіп алғанын көрсетеді. Мен, әсіресе, үйінде қарт ата-анасы, жас балалары бар адамдардың мүмкіндігінше оқшаулану режимін ұстанып, сақтық шараларына барынша мән бергені жөн деп ойлаймын. Өз иммунитетің мықты болғанымен, қасыңдағы жақындарыңды естен шығаруға болмайды ғой? Айналамызда дерт белгісі білінбейтін науқастар болса, олар емін-еркін жүріп, вирустың көбірек таралуына әсер етуі де мүмкін. Сондықтан, әзірге босаңсуға мүлде болмайды, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Жақыныңа жанашыр бол!

Бүгінгі күннің басты ұраны осы. Өйтпейінше елдің бетін бұру мүмкін емес. Төрткіл дүние тәжтажалдың таралуын тоқтата алмай дүрлігіп жатқанда біз «осы вирус бар ма өзі, әлде жоқ па?» деген сағым сауалдың жетегінде дал болып жүрміз.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі аяқталған 11 мамыр күні елімізде бұл науқаспен тіркелгендер саны 5 мыңнан енді асқан еді. Енді қарасақ, ауру белгісі жоқ (симптомсыз) науқастарды айтпағанның өзінде елімізде бұл дертке шалдыққандар 16 мыңнан асып кетті. Егер індет қарқыны осылай кете берер болса не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты…

Алайда, қазір өзіміз де көріп жүрміз, көп жерлерде карантин талаптары сақталмауда. Ең қарапайым талап – медициналық бетперде киіп жүру ережесін де сақтай алмаудамыз. Карантин режимін тоқтатса, күллі елді жинап, той жасауға стартта тұрмыз. «Үйде болыңыз» деп қашықтан жұмыс істеуге, оқуға, білім алуға мүмкіндік берсе, тауға шығып, серуен құрудамыз. Сонда сіздің денсаулығыңыз сізден басқа кімге керек? «Құдай сақтанғанды сақтайды». Ал, біз «Коронавирус – қолдан жасалған індет шығар» деген алыпқашпа әңгіменің жетегінде жүрміз.

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, карантин режимі қатаң сақталған кезде мұндай өсімнің болмауы да мүмкін еді. Өйткені, коронавирустың адамнан адамға тез жұғатыны дәлелденген. Сіз сақтамаған карантин талаптарының зияны айналаңыздағы достарыңызға, туыстарыңызға тиюі мүмкін. «Жақыныңа жанашыр бол!» деп отырғаны да сондықтан. Карантин талаптарын сақтау арқылы ғана вирустың таралуын тоқтата аламыз.

Өңіраралық блок-посттар алынып, саябақтар, сауда орындары ашылғанымен, карантин талаптары сақталауда. Той-жиын өткізуге, қоғамдық тамақтану орындарында 30 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Мұның барлығы сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып отырғанын ұмытпағанымыз абзал, ағайын.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.