Тәртіп сақшылары марапатталды

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Қаламызда қоғам тыныштығын, адамдардың өмірін қорғау жолында ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары көптеп саналады. Апта басында полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ерекше қызметімен көзге түскен үздік тәртіп сақшылары марапатталды.

Сәтбаев қалалық әкімдіктің үлкен залында өткен салтанатты жиынды қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков ашып, қаланың коғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін бір топ тәртіп сақшысын Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында ақпарат және байланыс тобының аға инспекторы Әсем Ағайдарова, әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Темірхан Базылбеков, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Талғат Қуаныш, жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Сабыржан Сейтжанов болды. Ал ҚР Полициясы күнін мерекелеу және ішкі істер органдарының қызметкерлерінің беделін көтеру мақсатында тағайындалған қала әкімінің сыйақысы түрлі номинациялар бойынша берілді. Арнайы комиссия шешімімен «Кәсібіне адал» номинациясы тылдық қамтамасыз ету тобының старшинасы Арман Нысапбергеновке бұйырса, «Династия» номинациясы полиция бөлімі басшысының орынбасары Алдияр Әбішевке табысталды. ЖПҚ бөлімі учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Ақбергенов «Халық қорғаны» атанса, «Кәсібінің үздігі» болып тылдық қамтамасыз ету тобының қойма меңгерушісі Қайырбек Жұмабаев танылды. «Үздік жедел уәкіл» – Жандос Тоған, «Үздік кезекші» – Алмас Әлменбаев, «Үздік ювеналды полиция инспекторы»» – Жанболат Әбдуғалиев, «Үздік тергеуші» – Изабелла Ахмедова, «Үздік қызмет инспекторы» – Айдос Рамазанов, «Үздік криминалист» – Дастан Мағзұмов аталды. Барша марапат иелеріне ақшалай сыйақы мен естелік сыйлықтар табысталды.

Іңкәр БУКИШЕВА,
Еуразия Ұлттық Университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті.

Комментарии закрыты.