Мемқызметшілер төл мерекесін атап өтті

Сейсенбі күні Сәтбаев қаласының мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтті. Шектеу шаралары шеңберінде өткен салтанатқа қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук пен қала әкімінің орынбасарлары қатысты.

Мемлекеттік Әнұран шырқаумен ашылған салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп, өркендеу жолында толағай табыстар тіледі.

– Елбасымыз ұсынған Бес институционалдық реформада ең бірінші тұрған бағыт – мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеру, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі қарастырылған. Біздің Сәтбаев қаласында мемлекеттік қызмет осы уақыт ағымының талаптарына сай қалыптасып үлгерді. Жалпы, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Қаламыздың қарқынды дамуы Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге, тәжірибелеріңізге, ұмтылыстар мен ерік-жiгерлеріңізге тікелей байланысты. Ұлттық ұстаныммен мемлекеттік мүддеге қызмет ете берейік, – деді Айгүл Қосманқызы өз сөзінде.

Салтанатты шара аясында мемлекеттік қызмет саласында көп жылдар бойы үлгілі қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілерге қала әкімінің Алғыс хаты мен Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасы табысталды. Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ботакөз Бушманова, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Мадина Айсақова, құрылыс бөлімінің бас маманы Азамат Кенжалиев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрбахыт Тобагулов, «Сәтбаев қаласы әкімінің аппараты» ММ ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы Камел Фаткулин, Жезқазған кенті әкімі аппаратының әлеуметтік сұрақтар бойынша бас маманы Асылай Шарипова ие болды.

Дана халқымызда «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Міне, осындай үрдістен көрініп жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында қаламызда арнайы байқау өткізілді. Алты номинация бойынша сарапқа түсетін байқауға 16 үміткер қатысқан еді. үздік шыққандары осы салтанатты шарада номинациялармен және қала әкімінің арнайы сыйақысымен марапатталды. Солардың қатарында қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Асқар Шоқпытов «Мемлекеттік қызметші – 2020», қалалық мәслихат аппаратының бас маманы Динара Құлашева «Кәсібіне адал», қала әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Ботагөз Нұрмағамбетова «Халық жанашыры», қалалық қаржы және экономика бөлімі басшысының орынбасары Күлшайра Бегенова «Лучший наставник», қала әкімі аппараты әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева «Денсаулық сақтау қызметіндегі еңбегі үшін», қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі,автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Даулет Кенжетаев «За профессионализм» номинацияларын жеңіп алды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.