Телеарнада – тың жобалар

Кеншілер шаһарына хабар тарататын «AQSHAM» телеарнасы бүгінде қала жұртшылығына ғана емес, Жезқазған өңіріне тұтас ақпарат таратуға қауқарлы арнаға айналды. Ақпарат айдынында екі жыл бұрын ғана желкен керген телеарнаның бүгінгі беталысы көңіл қуантарлық.

«AQSHAM» телеарнасының алғашқы хабары телекөрермен назарына 2018 жылдың 12 маусымы күні ұсынылған болатын. Содан бері алуан сипатты хабарды еш іркіліссіз таратып келе жатқан телеарна бірнеше ауқымды шараны тікелей эфирде көрсетіп, көрерменді тәнті ғып келеді. Күнделікті жаңалықтар топтамасын шығарудан бөлек, тілшілердің авторлық бағдарламалары да көптің көкейіндегісін дөп басуда. Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында телеарнаның тыныс-тіршілігімен танысып, телеарнаның қазақ редакциясының бас редакторы Алтынгүл Төлегеновамен аз-кем сұхбат құрдық.

– Алдымен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Телеарнаның негізгі бағыты қандай? Ұжымда қанша адам еңбек етеді?

– Рақмет. Арнаның негізгі бағыты – өңірдегі оқиғалар туралы хабар тарату. Қазіргі уақытта біз Сәтбаев және Жезқазған қалаларының кабельдік желілері арқылы хабар таратамыз. «AQSHAM» телеарнасын «Қазақтелеком» АҚ ұсынған ID TV-ден табуға болады. Сондай-ақ, «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісінде де бармыз. Қазір телеарнаны жергілікті тұрғындармен қатар, Ұлытау ауданындағы көрермендеріміз де тамашалай алады.

Ұжымымызда қазақ және орыс редакциясының редакторлары, тілшілер қосыны, бейнеөңдеуші, операторлар, дикторларды қоса есептегенде 15 адам еңбек етеді. Атап айтқанда, Владимир Романьков, Аяулым Алтынбек, Диана Әбдіқалықова, Камила Айтжанова, Еркеназ Шоқан тілшілер болса, Марина Епонишникова, Виталий Обрежа бейнені өңдеумен айналысады. Осы арада оператор Әли Әбілғазы мен Жалғас Төлегеновтың, дикторлар Дәулет Сейітпек пен Назерке Сапарбектің де есімдерін атаған жөн. Эфирдің уақытылы шығуына Зоя Фисунова жауапты. Ал, телеарнаның кіріс-шығыс есебін жүргізу, жұмыскерлердің еңбекақысын беру есепші Вероника Обрежаға жүктелген.

Басшымыз Ғалымжан Нұрпейісовтың ықпалымен қаланың мультимедиялық кеңістігінде пайда болған телеарна 2018 жылдан бері хабар таратып келеді. Арнаның ресми веб-сайтында ақпараттық хабарлар мен түрлі жанрдағы бағдарламаларды онлайн режимде көру мүмкіндігі бар. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан да жүйелі хабар таратуға тырысамыз.

– Ақпаратты тарату, жалпы оны эфирге дайындау күрделі әрі жауапты жұмыс. Күнделікті жаңалықтар топтамасын даярлауда қандай қиындықтар кездеседі? Эфирге дейінгі процесс қалай жүреді?

– Телевидение болғасын, көк жәшіктің ішінде қаншама қауырт жұмыс атқарылатынын көпшілік байқай бермейді. Былайша айтқанда көзге көрінбейді. Тілші сюжет дайындайды, қырағы көз оператор оқиғаны камераға түсіреді. Бейне мен дыбысты өңдеудің де өз қиындығы бар. Дауысы дара дикторлар эфирден хабар таратады. Бұл күрделі процессте бүкіл ұжымның еселі еңбегі жатыр. Бізде күнделікті хабар таратудан бөлек, тілшілердің авторлық бағдарламалары телекөрермен назарына ұсынылады. Мәселен, еліміздегі атаулы күндерге байланысты мерекелік түсірілімдер болады.

– Арнаның ашылу салтанаты тікелей эфирде хабар таратумен ерекшеленгені елдің есінде. Осы екі жылдың ішінде ауқымды шаралардан тікелей эфирде хабар таратып келесіздер.

– Иә. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде қала тарихында алғаш рет тікелей эфирге шығуы тосын жағдай еді. Сол кезден-ақ бұлай хабар тарата бастауға заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіміз сеп болса керек. Осы уақыт ішінде Ұлытау ауданында өткен «Жезкиік» І халықаралық музыкалық фестивалі, қаламызда ұйымдастырылған «Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба!» атты республикалық жас ақындар айтысы, Сәтбаев қаласы және Ұлытау ауданы әкімдерінің тұрғындарға есеп беру кездесулері тікелей эфирде көрсетілді. Бұл да кенді өлке үшін зор жетістік деп білеміз.

– Арнаның алдағы жоспарларымен бөліссеңіз.

– Биылғы жылы бірқатар жобалар көрерменге жол тартты. Еріктілер жылы аясында қайырымдылық жасау мақсатында баспанаға мұқтаж отбасыға арнап «Жақсылық жаса» атты бағдарлама әзірледік. Соның арқасында атымтай азаматтар табылып, қолдан келер көмекті көрсетсе, «Харекет» қайырымдылық қоры біздің үнімізді естіп баспана алып берді. Бұл ісіміз көптің қолдауына ие болып, біздің телеарна қала әкімінің «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталды. Еріктілік үшін Елбасының Алғыс хатына ие болдық. Ал, қала дарындарын танытуды мақсат еткен «Жарқын дауыс» телевизиялық байқауы көпшіліктің қызығушылығын тудырған жоба болды. Бұл жоба биыл да өтуі тиіс болған. Алайда елдегі төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілді. Алдағы, уақытта көрермендерге ток-шоу форматындағы ауқымды телевизиялық жобалар ұсынбақ ойымыз бар. «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-ға қарасты «Jastar Bolashaq» ұйымымен бірлесіп «Қайырлы таң, балақай» және «Дарынды отбасы» интеллектуалдық ойынын өткізуді көздеп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.