Онлайн олимпиаданың жеңімпаздары

Қаламыздағы алдыңғы қатарлы оқу орны – №1 мектеп-гимназиясы 2011-2012 оқу жылын жақсы жетістіктермен аяқтады. Оған дəлел – қала мектептерінің ішінен биылғы түлектердің ҰБТ-дан алған баллы бойынша екінші орын. Онымен қоса, Қостанай облысындағы «Жастарды дайындау жəне қолдау» орталығы тікелей Ресей ғалымдарымен жұмыс жасауының нəтижесінде биыл сегізінші жыл өткен VІІІ Халықаралық онлайн олимпиададан мектептің 172 оқушысы жүлделі орынды иеленді.

Ресейлік академиктер мен профессорлардың сынағынан өткен 172 оқушының жиырмасы ІІІ, алпысы ІІ, сексені І дəрежелі дипломды иеленді. Ал, қазақ тобында оқитын 12 оқушының алтауы орыс тілінен алтын медальді қанжығаға байлады. Екінші жыл қатысып, білімдерін сарапқа салған мектеп ұжымының бұл алғашқы жеңісі. Жақында осы оқушыларды марапаттау рəсімі өтті.

Онлайн олимпиадада қаланың, облыстың, елдің атын шығарып, білімдері жоғары бағаланған 5 сынып оқушылары – Аружан Татамбаева, Айжан Серікбаева, Нұрбибі Əбсалықова, 6 сынып оқушылары – Айымкүл Бозтаева, Аслан Орынбаев, Медина Сағынтаева Ресей ғалымдарының дипломдары мен бағалы сыйлықтарын еншіледі. Сондай-ақ, осы оқушылардың ата-аналары да ұйымдастырушылардың атынан Алғыс хатпен марапатталды. Оқушылардың осындай дəрежеде білім көрсетулері ұстаз еңбегінің нəтижесі екені сөзсіз. Жас білімпаздардың білімін аша түскен ұстаздар да марапаттаусыз қалмады. Мектеп басшысы, жоғарғы дəрежелі орыс тілі пəнінің мұғалімі Сəния Сағынтаева бастаған бір топ ұстаздар марапатқа лайық деп танылған.

Мектеп басшысының əдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Лəззат Беисованың айтуынша, Халықаралық дəрежеде өткен олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Германия Украина, Чехия, Беларуссия, Тəжікстан жəне Түркия мемлекеттерінен оқушылар қатысқан. – Оқушылар үш кезеңнен – күзде, қыста жəне шешуші кезең – жазда сынға түсті. Бұл жолғы олимпиадада қазақ елі жастарының білімді екендіктерін Қызылорда облысының оқушылары мен Қарағанды облысынан Сəтбаев қаласы бойынша біздің мектептің оқушылары өз деңгейінде көрсете алды, – деді Лəззат Аманжолқызы.

Марапаттау рəсімінде олимпиаданың І дəрежелі диплом иегері, мектептің түлегі Гүлай Алпысбаева өзінің іні-сіңілілеріне мектептің атын жоғарғы дəрежеде ұстап жүруге тілектестігін білдірді.

Ата-аналар да балаларының білімін ашып, ізденіске, талпынысқа жетелеген мектеп ұстаздарына ризашылық сезімдерін жеткізді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.