Жарқын істердің жаршысы еді

Күні кеше ғана ашылған Оңтүстік Жезқазған кенішіне 55 жыл болыпты, оның ішінде алып №65 шахтаға – 45 жыл. Осы уақыт аралығында қаншама тонна мыс кені өндірілді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде жүздеген кенші өндіріс ошағында ширықты.

Өндірістің бел ортасында жүріп «Социалистік Еңбек Ері» атанған Ә.Құсайынов, Қ.Кентаев, Д.Баймағанбетов пен «Ленин» орденінің иегері Р.Аппазовалардың есімдері елдің есінде. Еселі еңбекпен жиған тәжірибе арқасында олар үздіксіз өндірісте қаншама шәкіртті шыңдап шықты. Солардың қатарында Ерзақ Аппазовтың есімі жүруі бекер емес.

Ол кезеңде қазіргідей техниканың дамыған уақыты емес. Кенші-бұрғышылар ағын судың астында немесе суды кешіп тұрып-ақ бұрғылай беретін. Сондықтан, мұндай жұмысқа жігіттің жампозы ғана шыдап баратын, бұрғылап болған соң шпурларды оқ-дәрімен оқтап аттыратын.

Сондай жұмыста жүріп Ерзақ Аппазов та іскерлігін, өз ісіне деген жауапкершілігін шебер байқата білді. Адамдармен тіл табыса алатын қасиетін байқаған шахта басшылығы тың бастамаға түрен салады. Комсомол жастар бригадасын құруды ұсынып, оның жетекшісі етіп Ерзақ Аппазовты тағайындайды. Жалынды жігіттің басқаруымен жастар ұжымы жүктелген міндетті он бес жыл бойы абыроймен атқарып шықты. Әр ай сайын берілген тапсырманы 10-15% артығымен орындап отырды. Іскерлігімен ілкімді бастамаларға жол ашып, жастар арасындағы социалистік жарысты дамыту шараларын қолға алды. Сол еңбектің арқасында қалалық, облыстық комсомол конференцияларының делегаты болды. Қалалық Советке депутат болып сайланды. Еткен еңбектің өнбегіне қарай «Қызыл Ту» орденімен марапатталды, есімі Қазақстан Республикасының Құрмет кітабына жазылды.

Атақты кенші жарқын істердің жаршысы бола білген Ерзақ Аппазовтың жарқын бейнесі ұрпақ есінде мәңгіге сақталады.

Ибадулла БАЙБАТЫРОВ,
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалы төрағасының орынбасары.

Комментарии закрыты.