Бізге тәртіп пен сабыр керек!

Уа, халқым, ат төбеліндей аз ғана Алашым! Індеттің беті ары қарайды деп жайбарақат той-тойлап, құдайы-садақаны жағалап жүрген бейқам қазағым! Соңғы он күннің ішінде қынадай қырылып жатқан жоқпыз ба?

Телеарнадағы жаназа хабарландырудан ондаған адамның бұл дүниеден өткенін құлағымыз естіп, көзіміз көріп отыр. Пандемия басталған кезде, тіпті төтенше жағдай жарияланса да қазақ баяғы «құдай сақтайдыға» салып, сақтық шараларына назар аудармады. Білікті мамандардың үйден шықпауға үндеп «балалардың болашағына балта шаппаңдар, сендер даладан жұқтырып келіп, бүкіл отбасына таратасыңдар» деген ақылдарын айтты, тыңдадық па?

Бір туысқанымның баласы кенеттен қайтыс болды, екі-үш інімді қасыма ертіп алып, бетпердемізді, қолғабымызды киіп барсақ, үлкен ағаларымыз мұнымызды күлкіге айналдырды. «Ештеңе де жоқ, ақша істеудің амалы, биліктің ойлап тапқаны» деді. Соңында бұл сенбестік сергелдеңге әкеп соқты. Ағаларымыз індеттің барына енді көз жеткізген шығар…

Кеше ғана сөйлесіп, амандасып жүрген азаматтар бүгінде жоқ.

Дүние қарап тұрсақ
шолақ екен.
Адамзат бір-біріне
қонақ екен!

Жол апатынан қайтыс болған жап-жас жиеніміздің жақында жаназа намазы болды, сапта тұрған жас жігіттердің көбінде маска жоқ. Саптың алдында сөз бастап аз ғана мағлұмат бергеннен кейін «Жігіттер, маска қайда?» десем, иықтарын қиқаң еткізеді.

Асқанды да көргенбіз,
Тасқанды да көргенбіз.
Асып-тасып болғасын
Сасқанды да көргенбіз!
Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз.
Өсіп-бөсіп болғасын
Өшкенді де көргенбіз!,

– деп Шынболат ағамыз жырлағандай, Құдай сақтайды деген бір бейқамдық басым.

Әлбетте, Құдай сақтансаң сақтайды! Апталап, айлап үй көрмей жүрген дәрігерлерге көмектесудің орнына, үйде отырып тек реніш білдіреміз. Әрине, індетті өз пайдасына асырған пысықайлар дәрінің бағасын шарықтатты. Тойханалар отыз адамды желеу етіп құда шақыру, сүндет той, қыз ұзатуды жалғастырып жатыр. Жаназа намазы, жетісі, қырқы, үйден сол баяғы қалпы беріліп, табақ-табақ ет, оны тураған жігітте не маска жоқ, қолғабын да көре алмадым. Осы рәсімдерді қоя тұрсақ қалай болады, ағайын!? Қазіргі уақытта ашығып жүрген ешкім жоқ. Өзің түшкіріп-пысқырып үйде жатқанда қайдағы жаназа, қайдағы көңіл айту! Өлгеннің артынан өлмек жоқ, қараңғы көрге бірге кірмек жоқ. Тірі адам тірлігін жасау керек! Дәл қазіргі уақытта тырнақ астынан кір іздемей, бірлігімізді арттыратын уақыт. Тойға да кезек келер, мешіттегі құдайы-садақалар да өтер, тек тәртіпке бағынайық, ағайын!

Адамдар, үлгереміз
өбектесіп,
Аз уақыт күнімізді
бөлек кешіп.
Бәріміз ұлтты сақтап
қалайықшы
Біріміз-бірімізге көмектесіп!

Өндірісі дамыған екі қаланың тұрғындары дәрі-дәрмек таба алмай жатқанда ауылдың қалы қалай? Билік басындағылардың амалы, ақшасы таусылып не істерін білмейтін күн кешіп отыр, мың-мың дәрігер өздері ауырып жатыр. Сорақысы сол, дәрігерлерге берілген көтерме қаржыдан дәм ететін басшыларға не қайран бар, масқара! Қалам алып, қария-ақсақалдарыма айтарым:

Жастардың жанына
қайрақ болатын,
Жүрегіне байрақ болатын.

Бүкіл ел болып қолға алмасақ, қынадай қырылуымыз ғажап емес. Өкпе-назды қойып, бір ауыз сөзге тоқтайтын ұрпаққа үндеу тастау керек. Абай хакім айтқандай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын!». Қарынның қамын емес, халықтың амандығын ойлайық, ағайын!

Абулаис МУЛАКОВ,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Сатбаев филиалының басшысы.

Комментарии закрыты.