Тәртіп сақшыларына құрмет

Биыл Тәуелсіз еліміздің полициясының құрылғанына 20 жыл толды. Жиырма жылдың ішінде жаңару мен жаңғырудан өткен ішкі істер бөлімі қызметкерлері мерейлі мерекелерін өткен жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында атап өтіп, мерекеде марапатқа ие болды.

Салтанатты кеш мемлекеттік Əнұранмен ашылып, жиналғандар қызмет бабында қаза тапқан тəртіп сақшыларын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қоғамдық тəртіптің сақшыларына айналған полиция қызметкерлерін қала əкімі Батырлан Ахметов құттықтап, бір топ полиция қызметкерлеріне Құрмет грамотасын тапсырды. Бөлімнің техникалық базасын жақсарту мақсатында Батырлан Дүйсенбайұлы компьютер сыйға тартты.

Қалалық мəслихаттың хатшысы Серік Имамбай ІІМ-не қарасты полиция қызметінің қоғамдық тəртіпті сақтаудағы атқарып отырған қызметтерінің ерекше екендіктерін айта келе, бөлім қызметкерлерінің бір тобын мəслихаттың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Қалалық білім, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасылованың құттықтауын бөлімнің əдіскері Райхан Бапанова жеткізіп, өзара тығыз жұмыс жасайтын кəмелетке толмағандар істері жөніндегі топтың қызметкерлерін марапаттады. Сондай-ақ, қалалық прокурордың орынбасары Алмаз Айтбеков бөлім қызметкерлерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты жиын барысында бөлім бастығы Жандос Қарабеков баяндама жасады. Бөлімнің күнделікті жұмысынан сыр шертетін бейнекөрініс көрсетілді.

Кейінгі буынды мерекемен құттықтауға сахна төріне бөлімнің ардагерлер Кеңесінің төрағасы Айтболат Құсайнов көтеріліп, бөлімнен зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Бөлім бастығы Жандос Қарабеков Ішкі істер Департаментінің бұйрығымен бөлім бастығының орынбасары Мадияр Менісовті, жедел уəкіл Бейбіт Төлеуовті «Қазақстан полициясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттаса, бөлім ардагері Мұратбек Өтепов «Чернобыль 1986-2011 жыл» медалін кеудесіне тақты.

Уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрболат Тілеуовтің еңбегі «Ерен ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылса, бір топ бөлім қызметкерлерінің еңбегі «Ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін» медалімен бағаланды.

Салтанатты марапаттаудан соң бөлім бастығының орынбасары Жандос Мыңбаев бөлім қызметкерлерін ынталандыру мен марапаттау жөнінде бұйрықты оқыды. ІІБ қызметке келген жас мамандар ант берді.

Ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген ІІБ қызметкерлерінің мерейлі мерекесінің көркін жергілікті əншілердің əуелете салған əндері əрлендіріп отырды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ

Комментарии закрыты.