Менің атам – майдангер

«Ерлік – елге мұра» деген ұлағатты сөз бар. Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та, жарасымды. Бұл ретте мен өзімнің атам, соғыс ардагері Өмірбек Оспанов туралы айтсам деймін.

Жеңіс күні – біздің әулетіміз үшін тағылым түйер маңызды мейрам. Себебі, менің атам Өмірбек Оспанов Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен Жеңіс үшін күрескен жан.

Өмірбек Оспанов 1911 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты Қызылшың ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан атамыз майдан даласына аттанғанда отыз жаста еді. 1941 жылы Кеңес әскері сапында болып Ленинград түбіндегі шайқасқа жіберілді. Соғысқа аттанарда артында өрімдей төрт баласы қалды. Әкесі Оспан – 1942 жылы, анасы Саруса 1988 жылы дүниеден өтті. Саруса әжеміз он тоғыз құрсақ көтерген, аман-сау өсіп жетілген үш ұлдың үлкені осы Өмірбек атам еді.

Қанды майданның тарихында Демьянск шабуыл операциясы болған ұрыста ерлік көрсеткендердің бірі менің атам болатын. Қазіргі Новгород облысына қарасты Ильмен мен Селигер көлдері маңындағы Солтүстік-Батыс майданы әскерлерінің құрамында болып, кескілескен неміс әскеріне қарсы тойтарыс берді. Кеңес шекарасына кірген неміс әскерлеріне қарсы қанды ұрыс бірнеше айға созылды. Тіпті тарихта мұнда 280 мың жауынгер қаза тапқаны жөнінде айтылады. 1942 жылдың қаңтар-ақпанында Кеңес әскерлері неміс әскерінің 2-ші корпусына қарсы шайқасқа қатысты. Оның ішінде Өмірбек Оспанов та болып, майдан ортасында жүрді.

Баласынан осыған дейін хат-хабар алып жүрген ата-анағы дәл осы жылдары ізі тыйылғандай бір де бір хат келмеді. 1943 жылы «жауынгер Өмірбек Оспанов хабарошарсыз кетті» деген суық хабар алды. Кейін атамыз туралы ешқандай дерек табылмағандығы жөнінде Өмірбек атаның қызы, әжем айтып отыратын.

Соғыстың тартқызған азабы расында өлшенбейді. Ұлын қан майданға шығарып салып, оның өлі-тірі белгісіз күйін елестету ана үшін қандай ауыр болса, қызығын көрмей төрт баласымен қалған жары үшін де сондай қиын.

Хабар-ошарсыз кеткен атамыздың жасаған ерлігі ұрпақ жадында. Кейін ресейлік іздестірушілердің тынымсыз жұмысы арқасында майдан даласында мерт болып, көмусіз қалған мыңдаған жауынгердің сүйегі табылды. Сол табылғандардың ішінде Өмірбек атамыздікі де болды. Арада жетпіс жылдан соң әкесінің қайда қаза тапқанын естіген қызы Күләш Новгород қаласына аттанады. Бауырлар зиратынан алынған топырақты ақ шүберекке орап, туған жеріне әкелгенді парыз деп білді. Қорымға белгітас орнатып, «Оспан ұлы Өмірбектің қасиетті топырағы торқа болсын. Топырағы Новгород қаласының Кипино ауылындағы бауырластар зиратынан әкелінді. Ұрпағынан» деп жазды.

Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген атамыздың ұлдары Шәмшімұхаммет, Шәмшібек, Дүйсенбек және қызы Күләштан тарап тамыр жайған ұрпағы баба ерлігін жадында мәңгі сақтайды.

Іңкәр БУКИШЕВА,
немересі.

Комментарии закрыты.