Ұрлық түбі – қорлық

Халқымыздағы қалыптасқан қағидаға сай қылмыс жасау – тәрбиесіздіктің белгісі. Ертеде ұлтымыз үшін ұрлық істеу тіпті ұят нәрсе болған. Сол себепті де қазақ халқы «Ұрлық түбі – қорлық» деп, өсіп келе жатқан жастарды жаман әдеттен жиреніп, жақсы істерге қарай ұмтылуға үндеген. Десек те, бүгінгі таңда еліміз бойынша қылмыс деңгейі өршіп тұрғандығы жасырын емес. Ойнап жүріп от басқандар түптің-түбінде жазасын алады.

Аяғын шалыс басқан жандардың тағдыры әрине, аянышты. Осындайда оқырманға өмірде болған бір жағдайды ұсына отырып, мұндай олқылықтарға бой алдырмауды ескертеміз. Сәтбаев қаласының полиция бөліміне 32 жастағы қала тұрғыны құны 45 мың теңге тұратын ұялы телефонының және 6 500 теңге ақшасының авто жуу орталығының бірінде автокөлік панелінен ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлімі бойынша тіркеледі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұрлық дерегі бойынша тәртіп сақшылары күдікті деген Өзбекстан азаматын ұстайды. Ұсталған күдікті ұрлық жасағанын бірден мойындап, өкінетіндігін жеткізген. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторында. Ұрлық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру барысында оның Өзбекстан елінде іздеуде жүргендігін анықтайды. Жақын арада аталған тұлғаны өз еліне депортациялау жұмысы қолға алынған. Осы жайтты ескерген тәртіп сақшылары тұрғындарды бағалы заттары мен ақшаларын оңай, қолжетімді жерге қалдырмауға, ұрлық жасауға мүмкіндік бермеуге шақырады. Оңай жолмен олжа тауып, байығысы келетін жандар әсте қателеседі. «Маңдай термен тапқан нан қашан да тәтті болады» деген нақыл кейбір жандарға ақыл болса екен деймін. Бір қылмыс қоғамға кесірін тигізеді. Ал, ұры ұрлығын қойса да, ұры аты ешқашан қалмайтыны тағы бар.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.