Тегін қымыз таратуда

Елімізде коронавирус індетінің кесірінен қалыптасқан ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қанша шаңырақты қайғыға орап үдеп бара жатқан дертті жеңуге бекінген Ұлытау жұртшылығы осы кеселмен күресуге барын салып жатқан дәрігерлер мен өмірі үшін күрескен науқастарға тегін қымыз таратып, азаматтық танытуда. Терісаққан ауылының тұрғындары бастамасын бүкіл аудан қолдап, дертке дәру болатын қымызды ауруханаларға жөнелтуде.

«Берекені көктен емес, бірлігі бар көптен тіле» деген бабаларымыздың баталы сөзін ұран еткен Терісаққан ауылының азаматтары осындай игі іске ұйытқы болуда. Ауылдағы бие байлаған бірде-бір отбасы қайырымды істен тысқары қалмай, қолдан келгенше көмек көрсетуге бел буған. Ауыл азаматтарының бұл бастамасы көпге үлгі болып, бүгінде тұтас Ұлытау жұртшылығы дертке шипа болатын сусынды өңірдегі ауруханаларға таратуда. Жақында терісаққандықтар қаламыздағы ауруханаларға екі жүзден аса литр қымыз таратты. Ауыл халқы осы игі істі одан әрі жалғастырмақ ниетте.

– Елімізді індет жайлап, халқымыздың басына қара бұлт үйірілген заман туғанда біз, ауыл халқы, бұл жағдайда бей-жай қарап отыра алмадық. Ауыл азаматтары шұғыл түрде бас қосып ақылдаса келе төрт айдан бері бел шешпей, осы майданның қақ ортасында жүрген ақ халатты абзал жандарға қолымызда бар қымызымызды алып барайық деген шешімге келдік. Әрине, бір ғана таратылған қымызбен көмек жасау қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек болғанымен, біздің бұл жердегі мақсатымыз – осындай қиын қыстау кезеңде біз біргеміз, берік іргеміз. Шалғай аймақта жатсақ та, ел азаматтары бармыз деген ниетпен «Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұранмен бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлерге қолдау көрсеткіміз келді. Осы орайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла кеткен ауыл тұрғындарының ауызбіршілігіне, азаматтық танытқанына алғысымыз шексіз. «Көп түкірсе – көл» демекші, осылай ел-жұрт болып, тонның ішкі бауындай біріккенде ғана еліміз бұл індетті тезірек жеңіп, мамыражай, бейбіт күндерде жүздесеміз деп ойлаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді ауыл тұрғыны Қуандық Қожадияс.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.