Бағдарламаның берері мол

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының біріне жатады. Лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстарының әлеуетін дамытудың және іске асырудың маңызды шарты, қоғам игілігін өсірудің және өмір сүру сапасын арттырудың негізгі құралы.

«Жұмыспен қамту–2020» Жол картасы бағдарламасы 2009-2010 жылдардағы Жол карталарының және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады. Бағдарлама дағдарысқа қарсы ден қою тетіктерін, еңбек нарығын реттеудің тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығын болжау және мониторингілеу, табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты жұмыспен қамтудың белсендi шараларына тарту тетіктерін ұсынады. Сәтбаев қаласында аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін жалпы 790 жұмыс орнын құру жоспарланған болса, соның қазіргі таңда 490-ы құрылған. Ал осы жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталығы арқылы барлығы 395 адам жұмысқа орналасуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу. Нәтижесінде тозығы жеткен мектептер мен мектепке дейінге мекемелер, түрлі нысандар жөнделіп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмысқа орналасуда. Шаһарда шілде айындағы жағдай бойынша 263 адам еңбекке тартылса, алдағы уақытта 232 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Айта кетейік, бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін Наурыз көшесі 148 үйде орналасқан қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет, орталықта осы мәселе бойынша жедел штаб жұмыс жасайды немесе 7-01-71, 7-15-35, 8 (708) 420-11-26 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.