Ер дәулеті – еңбек

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы бүгінде қоғамға айтарлықтай пайдасын тигізуде. Аталған бағдарламаның нәтижесінде Сәтбаев қаласында жұмыссыз жүрген азаматтар жұмысқа орналасып, еңбекке бейімделіп келеді.

Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыруды мемлекет басты назарда ұстап келеді. Нәтижелі жұмыспен қамту мақсатындағы бағдарлама аясында жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Осылайша елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтып, еңбекке ынталы азаматты инфрақұрылымдық жобаларға тартудың маңызы зор. Бағдарлама аясында кеншілер қаласында да жұмысқа орналасушылар қатары көбейіп келеді. Азаматтар мамандықтарына сай құрылыс, абаттандыру секілді жобаларға тартылуда.

– Жұмыссыздардың қатарында жүргеніме көп бола қойған жоқ. Жақында жұмыспен қамту орталығына барып, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасымен «Рокада-А» ЖШС-на орналастым. Қаланы абаттандыру жұмыстарына атсалысып жүрмін. Айлық көлемі 85 мың теңгені құрайды. Уақытылы аламыз. Мен секілді жұмыспен қамту орталығы арқылы келген азаматтар жетерлік. Тегіс жұмысқа орналасып жатыр, – дейді қала тұрғыны Кеңес Исаев.

Ол бос жатқан азаматтарға «Жұмыспен қамтудың Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша еңбек етуге, отбасын асырау үшін ақшаны адал жолмен табуға болатынын айтып, өз замандастарын жұмысқа шақыруда. Осылайша өңірдегі жұмыссыздық мәселесі мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз шешімін табуда.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.