Мұсылман үмбетіне мұра мереке

Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүрлердің бірі – Құрбан айт ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дәстүрі кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауыр-
малдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.
Өкінішке орай, күллі әлемді күлдібарам еткен пандемея осы ұлық мерекемізді ұлт болып ұйысып атап өтуге мүмкіндік бермей отыр. Аймақтарда жарияланған карантинге байланысты Құрбан айтты атап өтуге де шектеулер қойылды. Осы тұрғыда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының арнайы пәтуасы да шықты. Ол бойынша кешегі тамаша күндердегідей мешіттерде жамағат болып жиналып айт намазы оқылмайды. Бұрын Құрбан айттың алғашқы күні демалыс болып, сол күні мешіттердің аулаларында киіз үйлер тігіліп, түрлі ұлттық спорт ойындары ойналатын еді. Биыл оған да тыйым салынды. Әркім өз отбасында айт намазын оқып, құрбандық шалып, басқа да рәсімдерді тек отбасында ғана өткізе алады.
Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Құран Кәрімде: «…Одан өздерің де жеңдер және мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.
Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға таратылады.
Биыл да жыл сайынғы үрдіс бойынша Құрбан айт мерекесінің құрметіне құрбандық шалынады. Бірақ, жылдағыдай мешіттің ауласында емес. Онлайн тәртібімен өтеді. Бұл да жұқпалы індеттің алдын алу, оның таралуына жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған шара.
«Онлайн тәртібі» дегенді қалай түсінуге болады. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ұйғарымымен елімізде онлайн құрбандық шалу жүйесі іске асырылып отыр. Ол қалай іске асырылады? Шариғатта өкілдік деген бар. Өкілдік деген – қандай да бір азамат қызмет бабымен, не болмаса кез келген қысылтаяң шақта өзі құрбандық шала алмайтын болса өзінің құрбандығын басқа бір азаматқа өкілдік ретінде тапсыруына болады. қазіргі карантин жағдайында сақтық шаралары жасалып, мал соятын жерлерге көпшілік жиналмай, өкілдіктер арқылы құрбандық шалынып, Құрбан айт рәсімі де орындалады. Бұл жерде тапсырыс қана онлайн, ал рәсімдер талапқа сай жасалып, біссімілласы айтылып, Ислам дініне сәйкес құрбандық шалынады.
Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға көңіл бөлгеніміз дұрыс.
Құрбандық шалушы ең бірінші Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыз-
дасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
Осы жерде мен мал сатып, табыс тауып жүрген азаматтарға ерекше айт-қым келеді. Қазіргідей індет бір жағынан, жұмыссыздық екінші жағынан қыспаққа алып тұрған кезде құрбандыққа шалынатын малдың бағасын шамадан тыс шарықтатпауларын сұраймын. «Қазір базарда тұсақ – 70 мың, ісек, қошқарлар 100-120 мың теңгеден сатылып жатыр, бұл не сұмдық», деп ел бізге шағым айтуда. Әрине, сіздің саудаңыз – сіздің күнкөрісіңіз, бизнесіңіз екені белгілі. Десек те, мынадай алмағайып уақытта елдің де жағдайын ойлаған, халыққа қарайласқан сауапты іс екенін ұмытпайық.
Алла Тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай!
Құрбан айт құтты болсын!

Қоңдыбай қажы
СЕРІКБАЙҰЛЫ,
Б.Балқыбайұлы (Сарымолда) атындағы мешіттің бас имамы.

Комментарии закрыты.