Құндылықтар һәм ұлттық тәрбие

Кеңестік дәуірде қазақ қоғамы көптеген дәстүрлі құндылықтарынан көз жазып қалды. Алайда, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң ұлттық балабақша, ұлттық мектептер қалыптастыру үдерісі едәуір қарқын алды. Сәтбаев қаласының өзінде қазақ тілінде оқытатын мектептер мен ұлт тілінде тәрбие беретін балабақшалардың саны артты.

Ұлттық өнер жаңғыртылып, ұлттық дәстүрлерге қатысты көптеген іс-шара қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілді.

Қалай десек те ұлт етіп қалыптастырған құндылықтар ғана ұлт ретінде сақтап қала алады. Сапалы да саналы қоғам қалыптастырудың ұлттық негізге оралудан өзге жолы жоқ.

«Бала тәрбиесі – бесіктен» екенін атамыз қазақ ежелден ескерткен. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп өткен ғасырдың даңқты перзенті Мұхтар Әуезов замандарға жетерлік тағылым айтты.

Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын-туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. Жеті атасын білу заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұғындырған. «Жеті атасын білмеген ер жетім», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен. Қазіргі медицина ғылымы дәлелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспау қанның тазалығына, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен, екіншіден, қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып, ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек. Әр отбасында ұлттық тәрбиені сіңіріп, оның ерекшелігін терең білуге, құрметтеуге, үйретуге тиіспіз. Қазақ халқының салт-дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі аса зор, мәні үлкен. Ата-аналар ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалану арқылы ұрпақтарының бойында ұлттық рухты қалыптастыруға мол үлес қоса алады.

Бір өкініштісі – ұлтымыздың арасында қазіргі қоғамда белең алып отырған ажырасу мәселесіне жеңіл қарау тенденциясы басым. Отбасында әкенің рөлін көтеріп, ұлды болашақ әке, қызды болашақ ана екенін айтып тәрбиелесек, келешекте отбасын асырай алмайтын жауапсыз әке, ынжық ұл, ата-енесін сыйламайтын шайпау келін, ажырасқан немесе жалғызбасты ана азаяр еді. Баламыздың қандай да білімді маман болғанына ғана емес, қандай отбасы иесі болатынына көңіл бөлуіміз абзал.

Ұлттық негізі мен танымы дұрыс қаланбаған жас буынның толыққанды тұлға болып қалыптасуы екіталай. Ұлттық дүбаралық, шалалық қысқа мерзімде тек жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл ұлттың проблемасына айналатынын төл тарихымыз дәлелдеп отыр. Көпұлтты Қазақстанның күрделі жағдайында ұлтаралық, дінаралық түсіністікке бастаудың жолы алдымен өз ұлтын танып, түсіну болмақ.

Әсіресе діни негізде алауыздық тудыратын шетін ұстанымдар мен әрекеттер де ғасырлар бойы бабадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізге, рухани құндылықтарымызға өз салқынын тигізуде.

Әрине, айта кету керек, бұл бағытта жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жетерлік. Осындай жұмыстың арқасында халық білмегенін біліп, үстірт түсініктер мен жат мәдениет ықпалына ермей, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитетін қалыптастыруда.

Ұлттық тәрбие мен ұлттық тіл – егіз ұғым.Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды, ұлттық мінезді, ұлттық болмысымызды тірілтеміз. Ана тілін бала ең алдымен отбасында үйренеді. Немерелерімен өзге тілде сөйлесетін ата-әжелер, балаларымен ана тілінде сөйлесуге ұялатын ата-ана ойлануы тиіс. Бұл өзге тілді білме, өзге мәдениетпен таныспа деген сөз емес. Жаһандану дәуірінде бұл мүмкін де емес. Ұлы Абай «өнерді үйрен де жирен», «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» дегенін де ұмытпағанымыз жөн.

Жаһандануға жұтылып кетпей, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы.

Ата-бабаларымызды сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген қазақтың ұлттық дәстүрлері келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болмақ.

Гүлсім ЕСМУРЗАЕВА,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері, ақпараттық-түсіндіру то бының мүшесі.

Комментарии закрыты.