Қобызшы

Дүние жаратылғанда қоса жаратылған алғашқы тау Ұлытау деседі. Яғни, жер жаратылғалы 4,5 миллиардтай жыл болса, Ұлытаудың қанша тарихтың куәсі екенін есептей беріңіз. Ұлытаудың бірнеше атауы болған дейді: Көк тау, Ертағы, т.с.с. Ал осы Ұлытауға Найманның бір бұтағы Бағаналыны Ер Шоштан қоныстандырған деген сөз қалған. Анығын тарихшылар анықтай жатар.

Негізгі айтпағым бұл емес, әңгіме бастауға арқау бола ма дегендік. Елбасы «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жариялап, халқымыздың құндылықтарын түгендеп, зерделей бастаған тұста маған да бір ой келді. Осы Ұлытау төңірегінің ақындары мен шешендері, билері мен батырлары түгенделіп қалған сияқты. Ал күйшілері мен қобызшылары болды дегенді естімеген екенмін. Рас, қобыз дегенде аға сұлтан болған Ерденнің аты аталып қалады, бірақ қобызға байланысты сыйластық қалыптасып, ақырында «Ерден» күйінің шығуына ұласқан ғой. Бұл жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Басқа қобыз тартқандар туралы Ұылтау төңірегінде болды дегенді естімеппін.

Әр елде өз сайқымазақтары болған, мысалы Қаллекей, Зәрубай, Тонтай сияқты. Сондай сайқымазақтар Алғабас ауылында да өткен. Біреулер сайқымазақтар кім десе, оларды жексұрындар деп ұғады. Шындығында олар – күлкі жанрының дала актерлері. Міне, өткен ғасырда Серәлі, Мақан, Мұқан, Орманбек деген сайқымазақ-актерлар болған. Олар ел аралап, таңды таңға ұрып, жүрген жерін мерекеге айналдырып, ел кезіп кетеді екен. Бірақ ешкім, әрине сауатсыздық қой, олардың өнері туралы ештеңе алып қала алмаған. Тек ауызша ел арасында айтылып жүр. Ал Мұқанұлы халықтың әйгілі әншісі Жүсіпбек Елебекпен қатар шығып, бірге ән шырқағанын ешкім біле бермейді. Кейін түрлі себептермен сахнаға шықпай кеткен. Айта берсе бұлар туралы жеке-жеке кітап жазуға болар еді. Сондықтан әңгімеміздің негізгі тақырыбы қобыз болғандықтан соған көшейік.

1964 жылы жаз айларының бірінде Тасқұдық жайлауында отырған жеті-сегіз үйлі ауылға Алматыдан едім деп бір кісі келді, 13 жастағы кезім, баламыз ғой. Ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, сол күні ауылға қонып шықты. Бала болсақ та ара-арасында Орманбек жөнінде айтылып жатқандарын естіп қаламыз. Тіпті, Жапбас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев та аталып жатыр. Ал бұл екеуін радиодан білеміз, күңірентіп қобыз тартқанда әкелеріміз елеңдеп, «пай-пай, шіркін, тартады-ау, қай-қайдағыны қозғап» десіп рақаттанатын.

Таңертең әкем:

– Мына кісіні орталыққа Орекең үйіне жеткізіп сал, арнайы іздеп келіпті, – деп екі ат ерттеп беріп, жолға салып жіберді. Аралық 7-8 шақырым. Баламын ғой, ештеңе сұрамаппын. Орманбек ақсақалдың үйіне апарып тастап, үйге қайтып кеттім. Кейін естісем Жаппас Қаламбаевтың айтуымен іздеп келген Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доценті екен, аты-жөні есімде қалмаған. Ал енді Орманбек деген кім дегенге келсек, Сарыкеңгір өзенінің бойында Бөрілі атты таулы, қыратты, іші тал-терекке толы мал қыстатуға жайлы жер бар. 1861 жылы қазақтарды отырықшыландыру туралы патша жарлығы шығып, аға сұлтан Ерден Сандыбайұлы Ұлытау төңірегіндегі Найман руларына жер бөліп, орналастыра бастаған. Ұлытаудың бір бөктерін жайлап отырған Жабай руына Сарыкеңгір өзенінің бас жағына, яғни қазіргі Егінді ауылының көлемінен жағалай бұрынғы Сарыкеңгір кеңшарының Қарабұлақ ауылына дейін жер беріледі. Жабай руының Жарылғап тармағына жоғарыда аталған Бөрілі жер тиесілі болады. Міне, осы Бөрілінің бір саласына Орманбектің атасы Биғара қажы қыстау салғызған. Қыстаудың орны күні бүгінге дейін «Қажының көңі» деген атаумен әлі тұр.

Биғара – Меккеге қажылыққа екі рет барған адам, алғашқысында аман-есен барып келген. Екіншісінде, яғни Меккеге екінші рет ел-жұртымен қоштасып, «Иә, Алла, маған топырақты Меккеден бұйырт, сонда қалсам, арманым жоқ» деп аттанған. Тілегі қабыл болып, мәңгілік орны Меккеден бұйырып, сонда 49 жасында қайтыс болған. Оның баласы Мамажан бай үйірлеп жылқы, отарлап қой өсірген. Алыс-жақынға беделді, елдің қадірменділеріне сыйлы ешкімінен сый-сияпатын аямаған деседі. Оған мысал Арғыш-Темеш Жоламан ақынның:

Іздеп кеп Мамажанға
амандастым,
Бұл күнде қадірі жоқ
замандастың.
Біраз күн Жоламанды
сыйлап жібер,
Бір күні іздеп мені
таба алмассың.
Мамажан, тел қозыдай
Сайдалы едің,
Екеуің басқа жаннан
пайдалы едің.
Биғара, Өте бидің
заманында,
Жоламан сүт бетіндегі қаймағы едің, – деген өлең жолдары.

Бұл ұзақ өлең болса керек, бізге жеткені екі шумақ. Осы екі шумақ Мамажанның қандай адам болғанын аңғартады.

Мамажан баласы Орманбек ерке өскен, өз айтқанымен жүрген. 1888 жылы дүниеге келген. Өз бетімен қобыз тартуды үйренген. Күйшілігі бір бөлек, оның үстіне сайқымазақтығы және бар, өнерге таяу жан. «Өнерлі өрге жүзеді» емес пе, Орекең ер жете келе үйде отыруды қойып, қайда әнші, күйші, қобызшы бар, қайда ойын-той бар, сонда кетеді. Сөйте жүріп бір жиында Ықылас Дүкенұлымен кездеседі.
Ықылас – әйгілі қобызшы, қазаққа танылған адам. Жасы сол кезде 66-ның маңайында болса керек, ал Орманбек қылшылдаған жас, жасы 21-дің о жақ бұ жағы. «Ықыластың «Ерден», «Айрауықтың ащы күні», «Кертолғау», «Жезкиік», «Аққу», «Қамбар батыр», «Ұшардың ұшуы» сияқты күйлерді шырқау шегіне жеткізе тартқанда, адамдар өздеріне ие бола алмай, көз жасына ерік беруші еді» деп үлкендер айтып отыратын. Орекеңнің аты жаңа шыға бастаған. Амандық-саулық сұрасқан соң Ықылас:

– Қай баласың, тегің кім? – деген қазақтың алғашқы сұрағын қояды.
Орекең:

– Мен Жабай Мамажанның баласымын, атам – Биғара қажы, – дегенде,

– Бұл әлгі Жоламан ақын айтып жүрген Мамажан болды ғой, тегің жақсы екен, балам. Өзіңді де өнерге жақын екеніңді де естуші едім, енді мына қобызды алып көрсет өнеріңді, – дейді.

Орекең қобызды қолына алып, әрі-бері айналдырып қарап:

– Ықылас аға, сіздің алдыңызда қобызды тартуға жүрексініп отырмын. Қалай болар екен,?

– Балам, өнер әркімнің ойыншығы емес. Кім болса да талантқа бітеді. Қысылма, ал тыңдайық.

– Онда «Ерден» күйінен бастайық.

Отырғандар да «бұл қалай болар екен» дегендей тына қалған. Алғашқы үні шыға беріп, үзіліп қалды. Жұрт үнсіз…Күңіренген үн бойды шымырлатып кетті. Орекең орнында отыра алмай, жылжып есікке қарай таянып барып тоқтай қалып, жан-жағына зер салса, жұрт мүлгіп отыр. Жылап отырғандары да бар. Ықылас аса риза кейіппен:

– Балам, қадамыңа нұр жаусын. Ерітіп жібердің ғой мүлде, тағы да тарта түсші.

«Кертолғау», «Аққу» т.б. біраз күй ойналып, тыңдаушылар қауқылдасып разылықтарын айтып жатыр. Ықылас:

– Балам, ақ батамды беремін, маған ізбасар болуға жарап қалған екенсің. Қатарыңның алды, бірегейі бол. Жортқанда жолың болсын, өнерде қанатың талмасын, – деп батасын берген екен.

1925 жылы Созақ, Қаратау жағына жолы түсіп барғанда, мықты жас пері Жапбас Қаламбаевпен жолығысып, екеуі он-он бес күн бірге қобыз тартысып, бір-біріне күй үйретіскен. Жоғарыда айтқанымыздай, Ж.Қаламбаевтың Орекеңді іздетуі сол таныстықтың арқасы болу керек. Енді бір қызығы ауылда Халық деген ақсақалдың дәулескер қобызшы Дәулет Мықтыбаевпен жекжаттығы бар еді. Дәулет араға 2-3 жыл салып, жазда демалуға келіп тұратын. Сонда Орекеңе барып сәлемдесіп, ұзақ уақыт әңгімелесіп отыратын. Онысы өзі қайтыс болғанша жалғасты.

Отбасында қанша бала болса да, ата-ана олардың ешқайсысын жек көрмепті, бірақ қалай болғанда да бір бала әкеге ерекше жақын. Орекеңнің Мұхамбедиясы сол ерекше бала болған. Талантты, сауатты Мұхамбедия Ұлытаудың Үлгілі колхозында мектепте мұғалім болып жүргенде ауырып, жастай қайтып кетеді. Орекең қатты уайымға беріліп, қобызын үзбей, таңертеңнен кешке дейін зарлата тартыпты. Бұл – 1943-жылдар.

Орекең 1975 жылы Бетбұлақта қайтыс болды. Артында қалған ұрпақтары бар. Менің осы мақаланы жазуымның себебі аты аталмай ұмыт болған осындай таланттар болғанын кейінгі ұрпақ біле жүрсін, есте ұстасын деген ниет еді.

Майкелді МЫРЗАШОВ,
Ұлытау ауданы Алғабас ауылының тұрғыны.
Сурет ғаламтордан алынды.

Комментарии закрыты.