Ұлытаудың ұлы

Қазақ «қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді тегін айтпаса керек. Кешегінің арты, бүгінгінің алды деп аса құрметтейтін арамыздағы ақсақалдарымыздың көш басында Сабыр Омаровтың тұруы заңды. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтой иесі туралы замандастары жазған жазбаларынан-ақ елге сыйлы, көпке қамқор екендігін ауыз толтырып айтуға болады. Назарларыңызға ардагер журналист Сейітбаттал Кенебаевтың жазған мақаласын ұсынамыз.

Үш жүздің басын қосқан киелі Ұлытау өңірінің тумасы Сабыр Омаровты 1963 жылдан бері білемін. Жезқазған мен Ұлытау ауданы біріктіріліп, Жезді ауданы құрылып, орталығы Жезді кенті болып белгіленді. Жаңа ауданда жаңадан әлеуметтік және тұрмыстық, мәдени құрылыстар, тұрғын үйлер салынды. 1965 жылда пайдалануға берілген тұрғын үйлерде көршілес тұрдық. Оның әкесі Базыл, менің әкем Нарымбай ақсақалдардың бір атаның баласындай, ағалы-інілі болып жүрген кездер әлі күнге дейін көз алдымыздан кетер емес.

Сабыр аудандық ауылшаруашылық басқармасындағы жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманның бірі болатын. Мен Жезді аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушымын. Аудандық комсомол комитетінің өткізетін іс-шараларына, пленум, конференцияларына қатысып, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына лайықты үлес қосқан алғыр жастың бірінен көрінді. Ол аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы міндетін қоғамдық негізде бірнеше жыл атқарды. Қарағанды облыстық комсомол комитеті Сабырдың қоғамдық жұмысқа белсене қатысуын жоғары бағалағандығын 1969-1972 жылдарда Жезді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымдық қызметті атқарғанымда білдім. Келмеске кеткен кеңес кезінде жастар ұйымдарының атқарған жұмыстары зор болды. Ұйымдастырушылық қабілеті бар жоғары білімді жастар жауапты қызметтерге көтерілетін. Партия органдарында резервтегі кадрлардың арасынан Сабыр өзі туған қасиетті Ұлытау жеріндегі кеңшарға директор болуға ұсынылды. Шарушалықты өрлету жолында тынымсыз еңбек етті. Халықпен тіл табыса білді. Қолына алған ісін жеріне жеткізгенше тыныштық таппайтын. Еңбеккерлермен істің басы-қасында болып, оның саналы орындалуын қатаң қадағалайтын. Кісілігі, менмендігі жоқ, қарапайымдылығымен көзге түсті. Өз заманына лайық елінің елеулісі, халқының қалаулысы бола білді. Ұлытаудың аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Еңбек жолы өнегелі, іскер басшылардың бірінен саналды.

Кеңшарға директор болар алдында Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында айтқан «Адал қызмет атқаруларыңа тілектеспін» деген сөзін өзіне бойтұмар еткен Сабыр кез келген жауапты қызметтің тізгінін ұстасын заман сынағына лайықты төтеп берді. Өткен ғасырдағы тоқырау жылдарында Ұлытау аудандық атқару комиссиясы ауылшаруашылық басқармасы аппаратында қызмет атқарды. Одан кейінгі жылдары статистика бөліміне жетекшілік етті, аудандық тұтынушылар қоғамына төрағалық жасады.

Бұдан кейінгі қызметі Жезқазған қаласында жалғасып, әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тағайындалды. Зейнеткерлердің, көп балалы аналардың, мүгедектердің, соғыс және еңбек ардагерлерінің, жалғызілікті жандардың өтініштерін қанағаттандыруға бар күш-жігерін жұмсады. Таршылық тауқыметін тартып жүрген жандарға көп көмек көрсетті.

Сәтбаев қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін бірнеше жыл басқарды. Қарапайым адамдардың мұң-мұқтаждарына асқан сергектікпен қарады, халықтың ыстық ықыласы мен шынайы алғысына бөленді.

Сабыр Омаров – елі, жері, Ұлытау-Жезқазған өңірі таныған тұлғаның бірі. Ұлытау ауданының құрметті азаматы атанды. Оның мінсіз қызметі жоғары органдар тарапынан және аудан мен қала, облыс көлемінде алғыс хаттармен, наградалармен марапатталды. Сәтбаев қаласында тұратын ардагер С.Қожахметов, И.Бейсекеев, Н.Ермаханов, Е.Сәлемов оған жылы лебіздерін білдіруде.

Сәтбаев қалалық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Ш.Байбосыновтың тірі кезінде оның орынбасары міндетін атқарып, талапқа сай жүргізді. 2018 жылдың қазан айында ардагерлер кеңесінің пленумы өткізіліп, оған қатысушылардың қолдауы нәтижесінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасына бірауыздан сайланды. Оның кандидатурасын Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесі толығымен мақұлдап, оны өз құрамына бекітті.

Тәңір берген денсаулықтың арқасында қатардан қалмай қоғамдық жұмыстардан қол үзбей жүр. Әкім аппараты жанындағы ақсақалдар кеңесінің, үгіт-насихат тобының мүшесі. Қалада өткізіліп келе жатқан түрлі іс-шаралардың бел ортасынан көрініп, соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасалуын бақылауына алып отыр. Жастар арасында әскери-патриоттық жұмыс үзілмей келеді. Халықтар достығын нығайтуға, қоғамның рухани дамуына және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі күні волонтер-еріктілер ардагерлердің үйіне баруға кеңінен жұмылуда.

Халықаралық әйелдер мерекесін, Наурызды, мамыр мерекелерін, қарттар күнін еліміздің тәуелсіздігін атап өту шаралары Достық үйімен, жастар ұйымдарымен, мәдениет және спорт мекемелерімен, қалалық әкімдіктің ішкі саясат, әлеуметтік бөлімдерімен бірлесіп өткізіліп келеді. Ардагерлер қозғалысының белсенділеріне құрмет көрсетіледі.

Біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыраған уақытта өмір сүрудеміз. Рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға ұмтылысты қежет етуде. Осы орайда Сабыр заман ұсынған талаптар биігінен көрінуді мақсұт тұтуда. Қамкөңіл қарттардың, зейнеткерлердің, ардагерлердің көңілінен шыға білуде. Қаланың заман талабына сай дамып, өркендеуіне тікелей үлес қосып жүр. Қала тұрғындарына қадірлі, көпке құрметті болып ғұмыр кешуде.

Сабырдың өнеге тұтар азамат екендігін сеніммен айтамын. Адам баласының өмірінің мәні елі, халқы үшін атқарған қызметіне, игі ісіндегі ізінде болса керек. Ол адамдарға жасаған жақсылығын ешуақытта сатып, саудаламайтын. Ұлытаулықтар оның есімін құрмет тұтады.

Бақытты шаңырағының ұясында өмірге келген балаларын, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Сүйікті жары Роза екеуі балаларынан немере, шөбере сүйіп отыр. Осыдан артық адамда қандай бақыт болмақ?

Жарты ғасырдан астам өмірін еңбекке жұмсағанына қарамастан бүгінде өзін сергек ұстайды. Ақ пен қараға мән береді, әділдікті жақтайды. Оның өмір өткелдерінен қалай өткенін, сөз саптауынан, өмірдің ащысы мен тұщысын көріп өскендігін байқаймыз. Қолынан құраны мен тәспісі түскен емес. Мекке мен Мединаға барып құлшылық жасап келгеннен бері жастарды дұрыс жолға салу жолында қажырлы еңбек етуде.

Сексеннің сеңгіріне шыққан оған ғұмырыңыз ұзақ, деніңіз сау, әулеттің қызығын көріңіз деген тілекті өлеңмен сабақтаймын:

Тұяғы едің Базыл
ақсақал асылдың,
Әке даңқын одан әрі
асырдың.
Отбасы мен бала-шағаң
аман боп,
Дәм тата бер ХХІ ғасырдың!

Комментарии закрыты.