Кәсіпкер қолғабысы

Кесірлі кеселмен күреске жұмылған жұртшылық ауруханаларда жатқан науқастар мен олардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсетіп келеді. Бірі дертке дәру болар медициналық құрылғылар алуға қаражат жинаса, енді бірі азық-түлік жиынтықтарын таратуда. Адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандарға көңіл білдіріп, жанға жылу сыйлағандар арасында кәсіпкерлер де жетерлік.

Қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, кәсіпкерлердің алғы шебінде жүрген «Бақдәулет» мейрамханасының иесі Меруерт Бақбергенова қатерлі індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне қолдау білдіру үшін ауруханаларға бір реттік ыстық тамақ таратты. Кәсіпкердің қолғабысы дәрігерлерге тиді.

– Ел үшін қиын-қыстау кезеңде бір болып, бірлігімізді көрсетіп жанашырлық танытуымыз қажет деп білемін. Сондықтан осы дертті жеңуге жұмылған дәрігерлерге азық-түлік жиынтығын таратудамыз. Азын-аулақ болса да, кеселмен күресушілердің көңіліне жылы тиер деген ойдамыз. Қазіргі таңда қалалық меценаттар клубы ауруханаларға жетіспейтін қажетті құрылғылар алуға қаражат жинауда. Мен барша жомарт жүректі жандарды қолдау көрсетуге шақырамын, – дейді кәсіпкер.

Меруерт Мұқарқызы алдағы уақытта осындай қайырымды істің жалғасын табатынын айтты. Бұл ретте кәсіпкер қолдан келгенше көмек қолын созып жатқан еріктілерге де шынайы алғысын жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.