«Айта-айта Алтайды…» немесе Абайдың ақылы

Әлеуметтік желіні ақтара қалсаң «Пәленше науқас», «Түгенше қайтыпты» деген сияқты көңілсіз хабарларға кезігесің. Телефоны құрғырға телмірмей-ақ қояйын дейсің, заманың осы болса, амалың қанша? Жә, оны қоялық. Күллі дүниенің жүгін арқалаған адамдай жұмыстан соң теңселе басып үйге келесің.

Осындай бір ойдың орманында келе жатыр ем, кенеттен көршім алдымнан шыға келіп: «Ассалаумағалейкүм, Әбеке! Жақсы жаңалық бар. Жалғыз қызымызды ұзатқалы жатырмыз. Қызық-қуанышқа ортақ бол…» – деп, арасында әзіл-оспақты араластырып, қақалып-шашалып, әңгімесін әрең аяқтады. Әңгімесін тыңдап болғаннан кейін: «Ееее жақсы екен. Ұзағынан болсын. Әлбетте, тойдың болғаны дұрыс. Енді мына аты жаман індеттің беті қайтсын. Содан кейін…» – дей беріп едім, әлгі көршім тұрған орнында сазарып, түрі бұзылып сала берді. Мұрын астынан міңгірлеген боп, ренжіген кейіп танытып, үн-түнсіз теріс бұрылды да кетті. Мен де оны жұбатып, ләм-мим деп жақ ашпадым.

Қанымызда көңілжықпастық деген бұғып жатыр ғой. Қазанның қақпағын ұстамасаң да, қазасына қатысып, төбе көрсетуді міндет санайсың. Жанұшырып, қуанышы қойнына сыймай, алып-ұшып алдыңнан шығатын көрші-қолаң, таныс-тамыр бәріңізде бар.

Қаланың қуыс-қуысында жасырын түрде, тіпті, есікті іліп алып той тойлап жүрген ағайын-туысты көргенде не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Сырт жақтан тексеріс келе қалса ұрлығы әшкере болып, той иесі мен тойхана қожайынының сыбайластығы сыр беріп қойып жатады. Осындай әпербақандық кімге керек? Той жасаймын деп жүргенде топалаңымыз шықпасын. Зардабымызды жақынымызға тигізіп, бармағымызды тістеп қалмайық. Ертеректе біреудің тоқал алам деп жүргенде тоңқалаң асыпты деген қыжыртпасы елге тарап еді. Қателікті қазбалап қайтеміз. Сөзіме тұздық болсын деп мына мысалды келтіргенді жөн көріп отырмын.

– Бұ қалаға жаман науқас кепті.
– Құдай ұрған іш ауруы.
– Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр.
– Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр.
– Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан…

Бұл – «Абай жолы» романынан алынған үзінді. Мен «Абай жолын» талдап-жіліктегелі отырған жоқпын. Мазмұнында Сармолла деген имам жиналған жұртшылықтың алдына шығып, Абайдың айтқандарын жеткізді деген жері бар. «Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкіндігінше халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын беру уақытша тоқтатылсын». Бұл – Абайдың ақылы.

Нобель сыйлығын алған Альбер Камюдің «Оба» романында жануарлар арқылы адамдарға тез таралатын вирус туралы жазылған. Аты жаман індеттен Алжир жағалауындағы Оран деп аталатын қарапайым қала тұрғындарының жартысы жантәсілім еткен.

Мұны оқымақ түгілі ойлаудың өзі қорқынышты. Дәл мынандай үрей тудырған уақытта үйіңнен артық жер де жоқ, одан асқан ем де жоқ. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деуші ме еді? Індетті айта беріп, індеп кетіп бара жатқандай ма, қалай өзі? Айтпақшы, «Тойың тойға ұлассын» деп той тойлап жүретін уақыт емес» деген президенттің пәрмені пайдаға асса жарар еді! Аман болайықшы!

Абай ОРАЗ, Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Комментарии закрыты.