Құрылыс қарқынды

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы жөндеу көрмеген әрі жаңа әлеуметтік маңызды нысандарды салуға леп берген сыңайлы. Аталған бағдарлама аясында қолданысқа берілгелі бері мүлдем жөндеу көрмеген нысандарда құрылыс қарқын ала бастады. Апта басында шаһар басшысы Асқар Ыдырысов мектепке дейінгі білім беретін орталықтардағы жұмыстармен танысты.

Мәселен, қаламызда 1973 жылы пайдалануға берілген №31 «Балапан» балабақшасы күні бүгінге дейін жөндеу көрмей келген. Енді мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өтетін болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мердігер компания жөндеу жұмыстарына кірісті. Құрылыс жұмыстарына жұмыспен қамту орталығы арқылы 47 адам тартылса, жалпы 93 жұмыс орны ашылды.

Құжаттама бойынша шатырды ауыстыру, ғимараттың алдын, терезе және есік блоктарын ауыстыру, жылу, су құбырлары, кәріз жүйесі мен желдету және өртке қарсы дабыл қағу жүйелерін ауыстыру, электр сымдарын айырбастау, сондай-ақ әрлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Негізгі жұмыстар мамыр айында басталған. Нысан осы жылдың қараша айында қолданысқа берілмек.

Ал №29 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасына жарты ғасырға жуық жөндеу жүргізілмеген. Биыл аталған балабақшаның ғимараты салынғалы бері алғаш рет жөндеу көруде. Нысанды қайта қалпына келтіруге «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі кіріскен. Жоба аясында жаңадан 97 жұмыс орны құрылған. Бүгінгі күні мұндағы жұмыстардың шамамен алпыс пайызы орындалған. Мамыр айында басталған жөндеу желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

Қала басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, кемшіліктерді жоюға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.