Өмірдің мәні – еңбекте

Кенші еңбегі құрмет пен қадірлеуге лайық, бұл – өте жауапты, қиындығы мен қауіп-қатері мол мамандық. Дәл осындай мамандықты меңгеріп, ел игілігін еселеуге үлес қосқанын Дүйсен Мұқышев та әр кез мақтан етеді.

Шахтаны екінші майдан деп есептесек, сол майданның батырларының бірі ретінде Дүйсен Мұқышевты атауға болады. Ардагер кенші 1939 жылы Ұлытау ауданы, Сарыкеңгір ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын ауылдағы поштада пошташы болып бастады. Көп ұзамай міндетті әскери қызметті өтеуге шақырылған жас жігіт үш жыл Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерден оралған соң бірден Жезқазған кен металлургия комбинатына жұмысқа орналасты. Комбинаттағы түрлі өндіріс орындарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған Дүйсен Мұқышев кенші болуға шешім қабылдайды. Осылайша өндірдей жас 1964 жылы Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтаға жұмысқа қабылданады. Алғаш жер астына түскен кезде жүрексінгенімен көп кешікпей забойдағы еңбектес әріптестерінің көмегімен кен өндірудің тәсілдерін меңгереді. Озаттар қатарынан көрініп, бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Қауіп-қатерге толы, қиындығы мол мамандыққа алғашында қиналғанымен, жүре келе байырғы кеншілердің ақылымен жұмыстың қыр-сырын тез үйреніп алды. Әке-шешеден алған қазақы тәрбие, ауыл ақсақалдарынан үйренген тәрбиелік намыс оты ширатпай қоймады. «Еңбек бәрін де жеңбек» деп, қиындықтарды да оңай жеңіп отырды. Ел игілігін еселеуге өз үлесін қосқан Дүйсен ақсақалымыз әр уақытта өзіне жүктелген міндеттерді артығымен орындады. Ақсақалдың көп жылғы тынымсыз әрі абыройлы еңбегі лайықты бағаланды. «Ерен еңбегі үшін» медалді кеудесіне қадады. ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері атанды. «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басшылығының атынан Алғыс хатпен марапатталып, «Қазақмыстың» «Құрметті еңбек ардагері» атағына ие болды.

«Бақыттың кілті – еңбекте» деп санайтын ардагер кенші Жезқазған шахталарындағы ерлік еңбектің шежіресінде өзінің де қолтаңбасы қалғанын әрдайым мерейлене еске алады. №65 шахтаға қарапайым жұмысшы болып кірген ол шахта бастығы дәрежесіне дейінгі еңбек баспалдақтарынан өткен жылдарын өмірдегі жеңісті, жемісті кезеңім деп санайды.

Ардагер кенші бүгінде құрметті еңбек демалысында. Екі қызынан үш немере көріп соларды тәрбиелеп, бақытты отбасының қызығына бөленуде. Қадірменді қария жаңа буын ұрпаққа еңбектің ұлылығын, өмірдің мәні еңбекте екенін үнемі үйретумен келеді.

Ибадулла БАЙБАТЫРОВ,
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС еңбек ардагері.

Комментарии закрыты.