Теміржолдың қадасы қағылды

Сейсенбі күні Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпірде Жезқазған-Бейнеу темір жолының қадасы қағылды. Бұл темір жол бағытының мақсаты – еліміздің орталық аймағында өндірілген тауарларды Еуропа мен Парсы шығанағына шығару.

Бұл жоба қос бағытқа апаратын жолды 1,2 мың шақырымға анағұрлым қысқартады. Жаңа жол шалғайдағы Ұлытау, Ырғыз, Арал, Шалқар, Байғанин жəне Бейнеу аудандарын жалғап, халықтың қозғалысын анағұрлым жақсартады. Соның нəтижесінде жаңадан 43 бекет пен бөлу пункттері бой көтереді. Құрылысқа 11 мың адам тартылатын болады. Аталған шойын жол арқылы жылына 21,3 миллион тонна жүк тасымалданады. Жолдың ұзындығы – 988 шақырым. Ал Арқалық-Шұбаркөл теміржолының ұзындығы 214 шақырымды құрайды. Ол Нұра, Ұлытау аудандары арқылы өтіп, Арқалық қаласына дейін жетеді. Осы екі жобаның құны 700 миллиард теңге болады. Бұл теміржол желілері бойынша қозғалыстың ашылуы 2015 жылға жоспарланып отыр.

Телекөпірде Жезқазған-Бейнеу темір жол желісі бойындағы пункттерге қатысты Жезқазған қаласының тұрғыны Батырбек Мырзабеков сөз алып, бұл ғасырлық мəні бар ғаламат жоба екендігін білдірді. Елбасына Қарағанды облысы халқының, жалпы қазақ жұртының айтар алғысы шексіз екендігін риясыз көңілмен жеткізді. Жалпыұлттық телекөпір арқылы осылайша индустрияландыру бағдарламасының бірінші жарты жылдықта атқарылған іс-шаралары екшеленді. Аса маңызды ірі жобалар іске қосылып, Қазақстан экономикасы тағы бір белеске көтерілді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.