Қандай жаңалықтар күтіп тұр

Сонымен, еліміздің барлық мектептері 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды. Балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығын басты назарда ұстаған Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі осындай ұйғарым жасады. Ал, мектептер осы жүйеге әзір ме. Өткен төртінші тоқсанның сабақтарынан қандай қорытынды шығардық. Әңгіме осы төңіректе өрбімек.

Кезекші сыныптар ашылады

Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктеріне 1 қыркүйектен бастап орта мектептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуды қамтамасыз етуді тапсырды. «Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ол Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің осы тапсырмасы бүгінде қызу қолға алынып, жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұдан біздің қаланың білім беру мекемелері де қалыс қалып отырған жоқ. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Айжанованың айтуынша, жаңа оқу жылында қаланың барлық мектептерінде кезекші сыныптар ашылып, жұмыс істейтін болады.

– Үкімет басшысының тапсырмасына орай Білім және ғылым министрі біздің алдымызға осындай талаптар қойып отыр. Осыған орай, біз ата-аналардың өтінішін ала отыра қаланың барлық мектептерінде кезекші сыныптар ашып, дәстүрлі оқу жүйесімен оқытпақпыз. Бұл жерде мына мәселелер қатаң ескеріледі. Біріншіден, әр сыныпта оқытылатын бала саны оннан аспауы керек. Екіншіден, мектепке, оның ауласына оқушылардан басқа бөгде адамдар кіргізілмейді. Ата-аналар балаларын мектеп ауласының сыртында күтіп алатын болады. Үшіншіден, сабақ уақыты бір сағаттың мұғдарында болады. Осы уақытта негізгі пәндер ғана оқытылып, өзге қосымша сабақтар онлайн жүйесінде оқытылады. Төртіншіден, әр ауысым аралығында міндетті түрде санитарлық залалсыздандыру шаралары жүргізіледі, – дейді Салтанат Айжанова бізбен әңгімесінде.

Гаджеттер қолданылмайды

Кезекші сыныпқа кірмеген оқушылардың бәрі қашықтан оқытылатын болады. Мұндағы бір ерекшелік, төртінші тоқсандағыдай интернет желісіне қосылған кез келген гаджеттер сабаққа қолданылмайды.

– Жаңа оқу жылындағы басты бір жаңалық – сабақ тек компьютер не болмаса ноутбук арқылы ғана оқытылады. Өйткені, биылғы оқу жылына Sdot.kz платформасы таңдалып алынып отыр. Бұл білім беру сапасын көтеруге де оң ықпалын тигізеді деп отыр мамандар. Сондықтан, біз оқушылардың компьютері, ноутбугі барын анықтап, біліп жатырмыз, – дейді білім бөлімінің бас маманы Салтанат Айжанова.

Мектептерде кезекші сыныптар ашуда мұғалімдер оқушылардың компьютері, ноутбугі бар-жоғына баса назар аударатын сыңайлы. Әсіресе, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларының бәрінде компьютер мен ноутбук бар деп айта алмаймыз. Өткен оқу жылында ондай оқушыларға мектеп өздері көмектескен еді.

Педагогтар арнайы курстан өтеді

Педагогтарға қашықтан оқытудың амал-тәсілдерін үйрететін онлайн-курстар басталады. Көктемгі тәжірибе мұның аса қажет екенін көрсетті. Сыныпта сабақ беру мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы өте көп. Осыны ескерген ҚР Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдап отыр. Бұл заңды да. Қашықтан оқыту форматында педагогтарға қойылатын бірқатар талап бар. Біріншіден, ІТ-технологиясы бойынша талап. Олар ІТ-технологиясы, интернет платформасы, интернет жүйесімен жұмыс істей білуі керек. Арнайы курста осы мәселе ескерілген. Ал, екінші мәселе сабақ беру әдістемесі, киберпедагогика, балалардың оқу үлгерімін қалай бағалау керектігі және сабақты қалай беру керектігі туралы.

– Тамыздың 1 мен 15 аралығында қала мектептерінің мұғалімдері арнайы курстан өтетін болады. Оны республикалық Назарбаев интеллектуалдық мектебі өткізеді. Курстан өтуге қаламыздың 800 мұғалімі өтініш білдіріп отыр. Курс онлайн жүйесінде өтеді, – дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері Қымбат Жарасова.

Міне, жаңа оқу жылы қарсаңында бізді осындай жаңалықтар күтіп тұр. Ал, олардың қаншалықты тиімді екенін, оқушылар мен ата-
аналар оған қаншалықты әзір екенін уақыт көрсете жатар. Әзірге баршаға сәттілік тілейміз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.