Ана тілегі ақталды

Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, қаншама отбасы үшін баспана басты мұңға айналғалы қашан?! Дей тұрғанмен, қайырымды азаматтардың арқасында қоныс тойын тойлағандар қатары арта түсуде. Қаламыздағы «Мейірім шуағы» меценаттар клубы осымен үшінші отбасына пәтер сыйлады.

– Бүгін тағы бір отбасын қуанттық. Бұл біздің команда үшін үлкен қуаныш. Негізгі мақсатымыз – ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға барынша көмек беру. Көпбалалы ана Айнұр Жүнісова бізден көмек сұраған болатын. Батыр ананың тілегін Марғұлан Молдашов, Абай Байділдаев есімді кәсіпкерлерге жеткіздік. Өтініш жерде қалмады, азаматтар жомарттық танытты. Нәтижесінде Айнұр Жүнісова Шаталюк көшесі 22 мекен-жайда орналасқан, күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Әрқашан бір-бірімізге демеу болайық. Сонда ғана бірлігімізді көрсете аламыз. Қоныс той құтты болсын! – деген клуб төрайымы Меруерт Бақбергенова шаңырақ иесін құттықтап, қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік 3 бөлмелі пәтер «Самға» ЖШС директоры Абай Байділдаев және жеке кәсіпкер Марғұлан Молдашовтың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде беріліп отыр. Бірнеше жыл баспана тауқыметін тартып, пәтер жалдап күнелткен көпбалалы ана арманының орындалғанына дән риза.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.