Қарқынды жүргізілуде

Бүгінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық өзекті мәселелердің бірі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73-бабына сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.

Қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық тыйылар емес. Ағымдағы жылдың 6 айында Сәтбаев қалалық сотында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 56 әкімшілік іс қаралды. Оның ішінде 47 әкімшілік іс әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық. 56 тұлғаға әртүрлі әкімшілік жазалар қолданылған. Ал, жәбірленушімен татуласуына байланысты 32 іс, оның ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша 24 іс қысқартылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Сәтбаев қалалық сотында прокуратура, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіліп, жергілікті газет-журналдар беттеріне мақалалар жарияланып тұрады. Яғни, мемлекетіміздің гендерлік саясатын насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бекзат ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Сәтбаев қалалық сотының жетекші маманы.

Комментарии закрыты.