Құрышқолдылар ісі қарқынды

Жыл сайын тамыздың екінші демалысын құрышқолдылар асыға күтеді. Өйткені, осы күні құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін тойлайды. Бұл мейрам – рухы мықты жандардың, мәртебелі мамандық иелерінің мерекесі. Қоғамның айнымас бөлшегі, экономиканың негізгі тірегі де осы мамандық иелері.

Жалпы, құрылысшы – адамзат баласы жер бетінде пайда болған ежелгі дәуірден келе жатқан жасампаз кәсіп. Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Оны өз өңірімізден де айқын аңғаруға болады. Қазір қаламызда құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келе жатыр.

Құрылыс саласының дамуын қалымызда салынған және салынып жатқан әлеуметтік нысандардан, тұрғын үйлерден, инфрақұрылымдық желілерден байқауға болады. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар қауымының еңбегі ерен. Миллиардтаған теңге тұратын ірі жобалар құрышқолды құрылысшылардың қарымдылығының арқасында жүзеге асырылуда. Заманауи ғимараттар мен әлеуметтік маңызы зор нысандардың бой түзеуі, сәулеті келіскен тұрғын үйлердің салынуы, инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысы, заманауи үлгідегі балалар алаңдарының пайда болуы, бәрі-бәрі құрылысшылардың күн-түн демей атқарған еңбегінің жемісі.

Осындай ауқымды жобаларды игеруде қарқынды істер атқарып жатқан құрышқолдылардың кәсіби мерекесі қарсаңында біз қаламыздағы бірқатар құрылыс нысандары жайлы сөз етіп, оны халыққа таныстыруды жөн көрдік. Соның бірі қаламыздың батыс аймағындағы – «Нұрлы мекен» шағынауданында салынып, пайдалануға беріліп жатқан көп қабатты тұрғын үйлер.

Осыдан бес-алты жыл бұрын үкіметтің Жезқазған-Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында арнайы кешенді бағдарлама қабылдағанын көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаса керек-ті. Соның бір парасы – кен өндірісін дамыту болатын. Осы орайда кезінде өндіріс аймағында салынған елді мекендерді қауіпсіз жерге көшіріп, шикізат көзінің жаңа қорын ашуға мүмкіндік жасау күн тәртібінде тұрды. Бүгінде ол өзінің шешімін тапты. Жезқазған поселкесі мен сол аймақтағы елді мекен тұрғындарын қоныстандыру үшін Сәтбаев қаласында екі шағын аудан құрылысы қарқынды жүргізілді. 8-шағынаудандағы коттедждер қалашығының құрылысы аяқталып, заманауи үлгідегі коттедждерге тұрғындар қоныстанып жатыр. Ал, 6-шағынаудандағы көпқабатты үйлер әлі толықтырылуда. Үстіміздегі жылдың өзінде мұнда жалпы ауданы 14336,95 шаршы метр болатын 5 қабатты бес тұрғын үй салынды. Осылайша 240 пәтер пайдалануға берілуде (фото 1).

Қаламызда құрылысы қарқынды жүріп жатқан әлеуметтік маңызды нысандардың бірі де бірегейі – 320 орындық балалар бақшасы.
7-шағынауданда құрылысы басталған бұл нысан «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Нысанның жалпы көлемі 4328,8 шаршы метр. Мердігері «Балқаш Жібек Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 3 қабатты балалар бақшасында 16 топ жасақталады деп күтілуде.
Қазір нысанның іргетасы қаланып, 0-дік циклдың төбесі жабылған. Бірінші қабаттағы бөлмелердің қабырғалары қаланып, су, жылу құбырлары мен кәріз желілері тартылып жатыр. Жалпы, балалар бақшасы үстіміздегі жылдың соңына дейін салынып, пайдалануға берілмек (фото 2).

Биыл қаламыздағы қоғамдық тәртіп құрылымдары да қоныс тойын тойлағалы отыр. Өткен жылы басталған әкімшілік ғимараттың құрылысы қазір аяқталып келеді. Аумағы 699,8 шаршы метр болатын ғимарат екі қабаттан тұрады. Қазір мұнда ішкі бөлмелерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. «Бозай КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары салған нысан үстіміздегі жылы толық аяқталып, құқық қорғау құрылымының қызметкерлеріне берілетін болады (фото 3).

Қаламызда тұрғын үй және басқа да әлеуметтік нысандар салумен қатар шағынаудандарды абаттандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда шаһардың шығыс және батыс аудандары мен 8-шағынауданында су деңгейін төмендету және жер үсті суларын бұру құрылысының орны ерекше. Бұл құрылыс өткен жылдың қыркүйегінде басталған еді. Нысан құрылысын жүргізіп жатқан «СК Триумф 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оны 2021 жылдың наурызында аяқтауды жоспарлап отыр. Қазір 8-шағындауданда суағар құдық пен құбырлар салынып, арнайы арықтар қазылып жатыр (фото 4).

Міне, құрышқолды құрылысшылардың қарқынды істерінің нәтижесінде кеншілер қаласында осындай ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасып, қаламыздың сәулеті мен сәні үйлесім тауып, жайнай береріне сенім мол.

Комментарии закрыты.