Әкімге айтарыңыз болса…

Жақында газеттен өңірімізге облыс әкімінің орынбасары келгені туралы оқыдық. Оның баяндамасынан қанаттас қос қала – Жезқазған мен Сәтбаевты дамыту үшін алдағы уақытта бірқатар жұмыстар атқарылатынын білдік. Бұл жаңалық баршамызды қуантты. Осы тұста біз де өзіміздің ұсыныстарымызды айтайық деп едік.

Біз қазақ ауылдың шығыс жағында тұрамыз. Жанымызда №27 қазақ орта мектебі орналасқан. Біздің жақта № 9, 14 автобустар жүреді. Мектептің жанынан автобус күтетін аялдама салса екен деген ұсынысымыз бар. Қысы-жазы қарт кісілер мен балалар автобустарды жол бойында тұрып, күтеді. Сонымен бірге, М.Әуезов атындағы №14 орта мектептің жанында орналасқан дүкен туралы айтқымыз келеді. Дүкен 24 сағат бойы жұмыс істейді. Тұрақты сатушы жоқ, жас балалар арақ сатып тұрады. Кәмелетке толмаған жастарға темекі сатады. Санитарлық жағдайы да төмен. Ішінде дәретхана жоқ. Сатушылары дәретке шелекке отырады да, далаға төгеді. Осының барлығын қадағалайтын мекеме бар ма? Қала әкімі Батырлан Ахметов осы кемшіліктерді көріп, біздің жаққа да көз қырын салса екен.

С.Бодықов, Т.Есенбеков, тыл ардагерлері.

Қалаішілік маршруттағы автобустар тоқтайтын аялдамалар салуға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмаған.

Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы мүшелерінің тексеруі нәтижесінде «Жан Жанна» дүкенінің сатушысы Н.Ә.Утеуленов 29.04.1992 жылы туылған екені және кәмелет жасына толғандығы анықталды, сонымен қатар дүкен иесі жеке кәсіпкер Ж.Досмұханбетова ҚР ӘҚБК 163-4; 114 баптарымен таныстырылды.

№ 14 орта мектептің жанында орналасқан «Жан Жанна» дүкенінің санитарлық нормаларды сақтамау сұрағы бойынша «Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы» ММ-сі жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында өтініште көрсетілген фактілер расталды. Санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін дүкен иесі жеке кәсіпкер Ж.Досмұханбетова айыппұл түріндегі тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Комментарии закрыты.