Ұсақ бұзақылық жазаға ұрындырмасын

Сәуір айынан бастап қаладағы санитарлық тазалықты жақсарту жұмыстары қала әкімі Б.Ахметовтың бекіткен кестесіне сәйкес жүргізіліп келеді.

Ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, қалалық әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен өткен рейдтік жұмыс барысында осыған дейін жарияланып, теледидарда көрсетілгендіктен болар қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасағандардың қатары байқала қоймады.

Жиырма алтыншы маусымдағы тексерісте Комаров, Гурба көшелері мен «Жеңіс» саябағы, «Даңқ» алаңындағы қоғамдық тәртіптің сақталуы қадағаланды.

Бейберекет жұрттың мазасын алып, отырған жеріне қоқыс тастағандар көзге ілікпеді. Алайда, үйлердің арасында ішімдік ішіп отырған үш еркек пен бір әйелге полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, екеуі полиция бөлімшесіне жеткізді.

Жиырма сегізіндегі рейдте автостанцияның маңайы, осы маңдағы саябақтағы тәртіптің барысын қадағалағанда да аса бұзақылық орын ала қоймады.

Тек бірде-екілі темеке тартып отырған азаматтарға темекінің тұқылын қоқыс жәшігіне тастау керектігін ескертті. Көшеде сыра ішіп отырған екі жас жігіт бөлімшеге жеткізілді.

Ұсақ бұзақылыққа жол бергендері үшін азаматтар енді 3 пен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Сондықтан ұсақ бұзақылық жазаға ұшыратпасын десеңіз, ортақ үйдің тазалығын, қоғамдық тәртіппен қоса, өз денсаулығыңызды ойлай жүріңіз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.