Мониторинг жасалды

Коронавирус инфекциясының күн санап таралуына байланысты халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі өзекті тақырыптың біріне айналды. Осы дерттің салдарынан дәрі-дәрмек бағасының шарықтап кеткені де жасырын емес.

Одан бөлек емделуге қажетті препаратты таба алмай сандалып қалғанымыз тағы бар. Дәрі жеткіліктігін тексеру, құны, сату ережелерін бақылау мақсатында «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мүшелері кезекті рейд өткізді. Рейдке полиция бөлімінің қызметкерлері мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты. Қаламыздың бірнеше дәріханаларына бас сұққан комиссия мүшелері шаһарда дәрі тапшылығының азайғандығын алға тартуда.

– Бұл алғашқы тексеріс емес. Бұған дейін де бірнеше дәріханаға бақылау жүргізгенбіз. Басты мақсатымыз – дәрі бағасының шарықтап кетпеуіне мониторинг жасау және сатылымға шығу ережесін қадағалау. Рейд барысында заң бұзушылықтар анықталмады. Дәрі-дәрмек жеткілікті, – дейді қалалық филиал кеңесшісі Ершат Әубәкіров.

Алдағы уақытта дәріханалардың қызметін бақылау жалғаспақ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.